Бедеулік: кінә еркекте ме, әйелде ме?

0
370

Жыл сайын бала сүйе алмаған отбасылар саны күрт артуда. Еуропаның өзінде осы мәселемен жүз мыңдаған жұбайлар дәрігерге жүгінеді екен. Балалы бола алмауда ерлі-зайыптының қайсысында кінәрат болуы мүмкін?

Осы сұраққа қатысты әлемнің әр тарапындағы білікті мамандар бедеуліктің басым бөлігі еркектерде кездесетінін айтады.

Өкінішке қарай, бүгінге дейін балалы болмау проблемасында тек қана әйелді кінәлап, жазғыру үрдісі тоқтамаған еді. “Бедеу әйел” деген атпен қаншама миллиондаған әйел келін болып түскен шаңырағынан қуылды.

Қаншама әйел әлі күнге дейін бала таппағаны үшін күңнің күйін кешіп, күн сайын күйеуінен таяқ жеп, тоқпақтан көз ашпай келеді.

Ал дамыған технология заманында түрлі зерттеу жүргізген мамандар балалы болу, баласыз қалу мәселесі тікелей еркекпен байланысты екен.

Соңғы жылдары жасалған дәрігерлік зерттеулерге сүйенсек, шаңырақ көтерген жастардың балалы бола алмауында 75-80 пайыз еркектің ұрық сапасының “бала жасауға” шамасы жетпеуі мен еркектің денсаулығындағы түрлі кінәраттан екенін мәлімдеді.

Еркектің тұтынатын ас-суының сапасынан бастап, үстіне киетін киім-кешегіне дейін ұрық жолына тікелей әсер етеді екен. Соңғы уақытта белін қысып тұратын шалбар кию, сондай-ақ “мода қуалап” тар джинс шалбар кию де “балалы болмаудың” тікелей себебі болуы мүмкін. Тойымды, құнарлы тамақ ішпеудің салдарынан да ер-азаматтардың спермасының сапасы кетіп, әлсізденеді.

Ал ең бастысы, әлі күнге дейін дәрігерге қаралмайтын, әйелін бедеу деуді дұрыс көретін сауатсыз еркек саны да аз емес екен. Мұндай сауатсыздық көбінесе ауыл еркектері мен түрлі діни сенімдегі ер-азаматтарға тән қасиет көрінеді.

Урология саласының білікті мамандары ерлі-зайыптылардың үйленбей тұрып, дәрігерлік тексеруден толықтай өтуіне кеңес береді. Жас жұбайлардың денсаулығындағы әлдебір проблеманы шаңырақ көтермей тұрып реттеген жөн дегенді айтады.

Алайда жоғарыда сөз еткен санаттағы кісілер дәрігердің есігін үйленбей тұрып қағуы мүмкін бе? Оның орнына “әйелім бедеу” деп бірер жылдан соң ажырасқанды жөн санай ма? Бұл да өз алдына бір проблема.

Хақназар САДЫРХАН,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.