Еркек өзінен жасы үлкен әйелге үйленсе…
Тиктокта бұрын үйленбеген, жеті жас кіші жігітке шыққан келіншекті жұрт талап жатыр. Бірінші некесінен екі баласы бар-ау деймін, анық білмедім. Осы тақырып біраздан ойымда жүр еді, жазуға батпай жүргем, енді жазып тынайыншы).
Ерлер ғасырлар бойы жас қыздардың, жалпы әйел затының қызығын көріп келді ғой. Қой деген ешкім болмады. Енді қазақ әйелдерінің күні туып, қоғамның стереотиптерінен еркіндік ала бастап еді, бәрі өре түрегелді. Қыз-келіншектер де жас жігіттердің қызығын көрсін де! Қашанғы тек ерлер көре беруі керек?! Бұл ойын аралас ойым)).
Енді шын ойым. Үйленбеген жас жігіттің тең құрбысына қосылып, жас дәуреннің қызығын бірге көріп, ата-анасының көз қуанышы болып, гүлдей құлпырып жүргенін құптаймын. Өзінен үлкен, балалы келіншекті алып келгендегі аналарының да азабын түсінемін. Ол кісілерге оңай емес.
Бірақ бұл мәселенің дәл осындай екінші жағы бар ғой. Біз неге жас жігіттер үлкен қыз-келіншектерге үйленсе аттай тулаймыз да, ал кәрі ерлер жас қыздарды алып жатқанда аузымызға құм құйылып қалады? 20-25 жас кіші қыздарды әйел қылып жатқан ағаларда, қиқуға қиқу қосып, соларды қолпаштайтындарда ұят жоқ па, сонда?
Мүсіні бұзыла қоймаған қыздар өзінен үлкен кісінің қыртыс-қыртыс терісінен жиіркенеді деп ойламай ма? Жас қыздарды еш спортпен айналыспайтын, ішек-қарны бір-біріне жабысып қалған, тұла бойына әжім түскен, физикалық күш-қуаты азайған, эмоциясы, психикасы шаршай бастаған ер азаматтың құшағына салып беру обал емес пе?
Енді қараңыз. Қазақ жігіттерінің 90%-ы спортпен айналыспайды, эмоционалдық, психикалық, рухани саулығына мән бермейді. Қырық тұрмақ, тіпті 35-тен асқан жігіттер шаршай бастайды. Себебі сол жасына дейін біреуі ажырасады, біреуі басқа сынақтан өтеді, біреуі ата-ана, ағайынына ренжиді, сүрінеді, құлайды, қателеседі.
Әйтеуір сондай өмір ауыртпалығының бар салмағы еңсесін зілдей басып, жан дүниесі, көңілі ауырлап кеткен. Шатасып, миы ашып жүреді осы жаста. Өкініш, кеткен есе-кек, ашу-реніш, басқасы бар. Сондай сезімдер мен эмоцияларда шырмалып қалады. Ал өзінің эмоциясын түсініп, психикасын сау сақтауға, сезімдерін дер кезінде көрсетуге тырысатын, ішкі саулығымен жұмыс істейтін, салауатты өмір салтын ұстанатын жігіттер некен-саяқ.
Қазір қыз-келіншектерге қырықты қырқалап қалған азаматтарға шығу не выгодно ғой. Ар жағында елу деген белес тұр. Қырықтағы жігітке шықты делік. Алғашқы төрт-бес жылда бір-екі бала туады, ол балалар бес-алты жасқа келіп, жүгіріп кеткенше, бас-аяғы он жылдай уақыт кетеді. Сол он жылда әйелге қаржылай көмек керек.
Баланы туу, бағу, жеткізу үшін физикалық күш-қуат қажет, еще жанталасып жүріп ақша табуы керек. Ал өзі өмірден шаршай бастаған, қырықтағы азамат әйтеуір тапқанынша табыс тауып, қамтамасыз ететін шығар, бірақ бәрібір 40-50 жаста жиырма-отыздағыдай табыс таба алмайды ғой.
Күйеу, еркек деген аты болмаса, қырық-елудегі ер адамның эмоциялық-психикалық ауыртпалығын да, мінез-құлық ауыртпалығы да, қырсықтығын да көтеру оңай емес. Ол жаста балаға қосылып, әйелдің басына бейнет болады. Сонда байғұс әйел ерді де, баланы да сүйреймін, ауыртпалығын көтеремін деп тозып кетпей ме?
Ал жас жігітке шықса, жас жігіттің эмоционалдық-психикалық ауыртпалығы аз болады, табысы көбірек болады, дені де сау. Әйтеуір баланы жеткізуге жақсы. Жас жігіттің арқасында балаларын аяққа тұрғызып алады. Ал қырық-елудегі азаматтың денсаулығы да сыр бере бастайды ғой, өзіне ем-дом, күтім керек. Сондықтан әйелдерді шіли сөге беруге болмайды, әркім өзіне не керек екенін біледі ғой. Бәрінің бақытты болуға қақысы бар.
P.S. Бұл менің қоғамның бір мүшесі ретінде реали факторларды жеткізуге тырысқан постым. Пост ұзақ болып кеткен соң көп ойым ішімде қалып қойды. Ал эзотерикада бұл мәселенің бәрі басқаша қаралады. Оны жазсам тағы болмайды.
Айтайын деген түйінім мынау еді. Егер жасы үлкен қыз-келіншектер жас жігіттерге шықпасын десе, онда кәрі ерлер де жас қыздарға көз сүзгенді қоюы керек. Тең-теңімен. Әркім өз қатарымен қосылсын. Мәселеге бір жақты ғана қарап, таяқтың екінші ұшын неге жауып қоямыз?
Ақбота ӘБІЛТАЙ,
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.