Жалақысы 56 млрд долларлық адам кім?

0
137

Илон Масктің 56 миллиард долларлық жалақысы туралы шешімді Tesla акционерлері бейсенбіде (13 маусым) бекітті. Акционерлер бұл қадамға дауыс берді.

Акционерлер компанияны Делавэр штатынан Tesla-ның АҚШ-тағы ең ірі зауыты орналасқан Техасқа көшіруге дауыс бергені туралы cnbc.com хабарлады. Америкалық телеарнаның материалына сүйенген Aikyn.kz бұл шешімдердің артында қандай саяси және экономикалық себептер жатқанын түсіндіреді.

Осы жылдың қаңтарында Делавэр штатының судьясы Кэтлин МакКорми Tesla акционерлері бас директор Илон Маскке 2018 жылғы 56 млрд доллар болатын жалақы пакетін бекіткен шешімді «түсініксіз» деп оның күшін жойды. Бұндай сот шешімімен келіспеген акционерлер 5 айдан кейін қайта жиналып, шешімді қайта бекітті. Илон Маск болса Tesla заңды тіркелген Делавэр штатынан компанияны Техас штатына көшіретінін мәлімдеген еді.

Бейсенбіде осы екі мәселе бойынша Tesla акционерлері Масктің ұсынысын қолдап дауыс берген. Осы жаңалықтардың негізінде компания акциялары 2,9%-ға қымбаттаған.

Акционерлердің жалпы жиналысында Маскке 56 млрд доллар жалақы беруді жақтап берілген 77% дауыс соттың шешіміне әсер ете алмайды. Дегенмен бұл Масктың қоғамдық пікірдегі жеңісін көрсетті және оған болашақта соттың шешімін өзгертуге көмектесуі мүмкін. Алдын ала нәтижелер жарияланғаннан кейін сахнаға шыққан Маск: «Мен жай ғана «сайтан алғыр!» деп бастағым келеді. Мен сендерді жақсы көремін».

Tesla компаниясының акционерлері Илон Маск әлі де басқа компанияларына көп уақытын жұмсайтынына наразы. Маск – SpaceX және Neuralink ми компьютерлік интерфейс компанияларының бас директоры. Өткен жылы ол сонымен қатар xAI деп аталатын жаңа компания құрды, ол үлкен тіл үлгілерін және X-тің (Twitter) деректерін және деректер орталығының қуатын пайдаланатын Grok деп аталатын жасанды интеллект чат-ботын әзірлеу үшін миллиардтаған доллар жинады.

Өзін «патологиялық тұрғыдан оптимистік» деп сипаттаған жігерлі Маск жиналыста Tesla акционерлеріне компанияның «көлік автономиясын» немесе қолданыстағы Tesla көліктерін жүргізушісіз көліктерге айналдыру жүйесін дамытуда үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын айтқан.

Акционерлердің жылдық жиналысында Маск компанияның өзін-өзі басқаратын жүйелермен жабдықталған Tesla автокөліктерінен тұратын такси желісін құру жобасымен таныстырды, бірақ оның іске асырылу уақытын айтпады.

Маск 2023 жылдың соңында нарыққа шыққан Cybertruck-тің сатылымы да өсіп жатқанын жариялаған. Оның айтуынша, компания апта сайын 1300 көлік шығара бастады. Илон Маск Tesla 2025 жылы Optimus-тің «шектелген өндірісіне» көшетініне және келесі жылы өз зауыттарында адам тәрізді роботтарды сынайтынына уәде берді. Келесі жылы ол компанияда «Tesla-да 1000-нан астам немесе бірнеше мыңнан астам Optimus роботтары жұмыс істейді» деген болжамдар жасаған.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.