Еркектерге әйелді қарсы қою қашан, қалай басталды?
Кеңестік замандағы атеистік саясатта еркектер мен әйелдерді теңестіру процесі қарқынды жүрді.
Еркектерге қарсы бұл қитұрқы әрекетті әйелдердің құқығын қорғаудамыз деген әдемі ұранмен бүркемеледі.
Әйелдерді еркектердің планкасына көтеру мүмкін болмағандықтан ер-азаматтарды әйел затының деңгейіне түсіру арқылы жүзеге асырылды.
Қазақ қауымында әйел адамы онсыз да қорғауда болатын. Қыз әке-шешесінің үйінде төрден орын алса, ұзатылғаннан кейін күйеуінің асырауында, қамқорлығында болды.
Бұл жерде ұзатылатын қыздың жүрек қалауы ескеріле берілмейтіні кеңес жандайшаптарына таптырмайтын желеу болды. Оған қоса қалың мал беру дәстүрінің сипатын қызды малға сатып жатыр деген мағынаға ауыстырып «қыздардың құқығын қорғаудамыз» деген үндеумен жалаулатады.
Оның үстіне әйел адамы оқуға, жұмыс істеуге құқылы деген уәждері де салмақты еді.
Қазақ әйелдері онсыз да шебер, бесаспап болғаны ескерілмеді.
Сауатын ашамыз деген ұран да көпшіліктің көзқарасына қарсы болмағаны рас дүние. Себебі жаңа заман лебі көзі ашық, сауаты бар адам алдында мүмкіндіктерді көбірек ашатынын сездіріп жатқан болатын.
Тек қазақ қоғамында оқуға бейім, зерек балалар ғана оқуға беріліп, қалғандары кәсіпке машықталушы еді. Сонда бәрі қазіргі кездегідей қабілеті бар ма, жоқ па ескермей бір креслоның иесі болсам деп армандамай өз бойындағы қабілетіне сай қоғамның игілігіне жараушы еді.
Бұның бәрі әйел адамы еркектермен тең праволы деген былайынша ізгі ниетті асыра сілтеп орындауға әкелдірді.
Оған дейін де Құранда еркектер мен әйелдер бірдейсіңдер деген аят бары ескерілмеді. Еркектердің дәрежесі жоғары болуы олардың міндетіне байланысты екеніне де көз жұма қаралды.
Алайда табиғатынан нәзік жаратылған әйел адамы еркекке тең келе алсын ба?
Табиғатынан берілмеген күш-қауқар, ойлау ауқымы, қайраттылық адамның қалауымен қалай өзгерсін.
Сол себепті екеуін теңестіру үшін еркектерді әйелдердің дәрежесіне апарып теліп қояды.
Ер-азаматтардың асаулығын, қайсарлығын баса отырып, жан-жақтылығын тежей отырып, әйелдерге артықшылық беріледі.
Қызуқандылықты басбұзарлық деп, тайсалмаушылықты алаңғасарлық деп, бас имеушілікті қырсықтық етіп көрсетіп, заманауи адам бір арнадан шықпау керек деп бәрін апарып бір қалыпқа тығады.
Мыңдаған жыл бойы жаугерлік заманда керек болған қасиеттер, яғни батырлардың бойындағы асаулық, қызбалық, айбындылық ендігі жерде керексіз болып, жаңа заманға ілеспек болған отты жігіттер қайратын жүгендеу арқылы іштен тынып бітеді.
Өз әлеуетін, қабілетін түгел пайдаланбай жатқанын бейсаналы түрде аңғарып өзіне іштей көңілі толмайды. Бұдан өзіне деген сенімсіздік пайда бола бастайды.
Ал бұл уақытта әйелдерге керісінше кеңшілік көрсетіле отырып, оларға ер-азаматтармен қатар үлкен қызметтер ұсыныла бастайды.
Одан әйел адамында өзіне деген сенімділігі артып, бойларындағы әлеуеті арта түседі.
Сырт көзге әйел затына деген құрмет жаман нәрсе емес көрінгенімен, теріс тұсына назар аударылмайды. Әйелдің құқығы кеңес заманында қалай қорғалғаны баршаға аян.
Еркектер үнемі шектеліп, қолдау аз болғандықтан іштегі шығармашылық қабілетін сыртқа шығару қиынға соғады.
Уақыт өте келе ер-азаматтар бұл жағдайға көндігіп, олар да өздерін әйелдермен тең санай бастайды.
Бұл олардың бойында өз әлеуетіне деген сенімділіктің семи бастауын қарқындата түседі.
Себебі қауқарын түгел пайдалануға мүмкіндігі шектеулі болып, үнемі басып тастай бергенде адам қысымға амалы жоқтығынан көндіге бастайды.
Осылайша келесі ұрпақтар осындай сананы қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.
Өз қабілетін, әлеуетін толық пайдалана алмаған ер-азаматтар бойларында кінәрат бардай өздерін нашар сезініп, өзіне көңілі толмау сезімі артып, өзінің қауқарсыз екендігін қабылдап өседі. Бойдағы қабілеттің анағұрлым көп бөлігі игілікке іске аспай жатқаны адамда сондай сезімді тудырады.
Бұл қоғамдағы қысыммен (айыптау сөздерімен) үндесіп, әйелдер еркектерден кем емес, еркектер әлсіз болып кетті деген тұжырымды сана амалсыз қабылдай бастайды.
Өзіне күш алу үшін не серпіліс, не қолдау таба алмағандықтан көптеген азаматтар ішкілікке салынып кетеді. Себебі өзіне деген сенімділік аз болғандықтан бойдағы дарын сыртқа шыға алмай адамды іштей күйдіреді.
Бір кездегі бойында соншама қабілеті бар әкемнің ішімде қандай күйік бар екенін білмейсің ғой деген сөзін уақытында түсінбеген едім. Теміржолшылық оқуды бітірдің бе, сонда қаласың, орта жасыңда шығармашылық дарының ашылса да, онда сені біреу күтіп тұр ма деп ешкімнен қолдау таба алмаған ғой.
Сен түгілі жүзден аса ән шығарған Шәмшінің өзін музыкалық кәсіби білімің жоқ деп Композиторлар одағына алмаған деп.
Бір жағынан бойдағы қайратты, шығармашылықты шығара алмаса, екінші жағынан бір айлықпен күн көретін жағдайға жеткізіп, мол байлықтан ажыратып тастайды.
Жан-жақтылық да көтермелене бермейді, әрнәрсенің басын шалғанша бір қызметтің тізгінін ұста, содан көтеріл деп бір бағытқа байлап қояды.
Білім берген кезде де бір кәсіптің иесі бол деп адамдарды бір мамандыққа байлап қояды.
Бойында неше түрлі дарыны бар адамдар аз қабілетін ғана жарыққа шығарып, қалған қабілеті ішінде тұншығып жатқандықтан олар өздерін толыққанды ашылған адам ретінде сезіне алмайды.
Қанша жерден жетістікке жетсе де, іштегі игілікке аспай жатқан қабілеті өзінің мазасын алады.
Одан бөлек бұрындары бірнеше әйел алу қалыптағы жағдай болса, ендігі жерде бір әйелмен ғана үй болуға рұқсат етіліп, тіпті ажырасудың өзін қиындатып тастайды.
Бір әйелмен ғана отбасылы болу бәріне әділ көрінгені сонша екі әйел алу ол көрсеқызарлық етіп көрсетіледі. Келе-келе бір кездері бір ауылды асырауға қауқарлы жандар ендігі жерде бір отбасын асыруға шамалары жетпейтін күйге түседі.
Негізі расымен отбасын асырауға қауқары жоқ емес, ол бар болғаны өзін төмен санау тұжырымының ұлғайып, өзінің соған сене бастауы.
Бір кездері ағайынды жете білейінші, шежіремізді зерттейінші деген ниетпен шешемнен туыстарымды сұрастырғанмын. Сол кезде бір әкеден туған балалардың анасының аты өзгеріп кеткенде, мамасының аты былай еді ғой деп түзеткенімде, әй, ол екінші рет үйленді ғой, бұл басқа әйелі ғой деп ұрсып тастайтын.
Сол кезде балалық санамен әлгі туысымыз бірінші әйелінен ажырасып, екінші әйелге үйленген екен ғой деп ойлайтынмын.
Қазір ойласам, бірінші әйелінен ажырасқан атамыз болмаған ғой. Сонда тіпті соғыстан, ашаршылықтан кейінгі ауыр жылдардың өзінде екінші әйелді қалай асыраймын деген күдіктері, сенімсіздіктері болмаған.
Жесір қалған балалы әйелді туған-туыстары дәнекер болып біреумен бас қостырған. Әрине, ол отбасылардың бәрі бақытты болып кете алмады. Түртпінек көріп өскен балалар жетіп жатты.
Айтпағым, анығына келсек аталарымызға екі әйел алу соншалықты жат дүние болмаған екен ғой. Тек заманның талабы бойынша оларды тоқал деп айтпайтын. Тағы да үйленді деп қоя салатын.
Ал әкелеріміздің заманында енді ондай кеңшілік болмады. Оларға тіпті ажырасу деген нәрсе карьерасына түсетін дақ болды.
Еркек-әйел арасындағы бұрыс қатынас 90-жылдағы дағдарыс кезінде шиелінісе түседі. Егер сырттан жау келгенде ер-азаматтардың миында «қауіп төніп тұр» деген тетік қосылып, күш-жігері оянып, өз қауқарын пайдалану оңайға соғар еді.
Алайда тәуелсіздік шеттен келген «жаусыз», соғыссыз қолға тиді. Керісінше санадағы тіректен (үкіметке деген сенімнен) айрылуға әкелгендіктен әкелеріміз тіпті «өшіп» қалады.
Өздігінен ішкі отты жандыру оңайға соқпайды. Тек теріс жолға түскен ер-азаматтар қауіпті жағдайда жүргендіктен адреналинның күшімен өздерінің қауқарын сыртқа шығара алады. Бірақ қатерлі және заңға қайшы әрекет болғандықтан бұл жолдағының көпшілігі мезгілінен ерте өмірден қол үзеді.
Оның қасында әйел адамдарында ұрпақты сақтау (аналық) инстинкті оянып және өздеріне деген сенімділіктің арқасында жаңа әрекетке (саудагерлікке) кірісе алады.
Бұл жағдай әйел адамдарындағы сенімділікті еселетіп, ал ер-азаматтардың басылған үстіне басылып қалуына әкелдіреді.
Нәтижесінде қазіргі заманда күйеу масыл деген сөздер жиілеп кетті.
Оның үстіне бойда қайраты бар, бірақ өзін жүзеге асыра алмаған еркектер бар ашу-ызасын өзінен физикалық түрде әлдеқайда әлсіз әйелі мен бала-шағасынан ала бастайды.
Өзіне деген сенімділікті қайдан аларын білмей жүрген ер-азаматтардың бірдеңе бастайыншы деген талабын қолдаудың орнына бастапқыдағы қалыпты қателігін қит етсе бетіне басып, дарынын игілікке жаратпақ түгелі тума қабілетін ашуына мүмкіндік бермей жатыр.
Ал Құранда Алла тағала еркектерді артық қылдық дейді. Бұл жай сөз емес қой. Оларды қауқарлылау етіп жараттық отбасын асырау міндеті жүктелгендіктен деген мағына емес пе?
Сол әрекетіне құрмет болу керек қой. Еркектер мен әйелдер бірдейсіңдер, бірақ ер-азаматтардың дәрежесі жоғары делінуі біздерге айтылып жатыр ғой.
Біз осыны дұрыс пайдаланбай жатырмыз. Адам қанша жерден мықты болса да, егер оны жан-жақтан сөзбен төпелеп, сен ешкім емессің десе адам қалай, қайдан өзіне қалай күш-қуатты алады?
Әйелдер мықты, әйелдер қорықпайды, еркектер әйел болып кеткен деген сайын осы тұжырымды бекіте түсіп, ер-азаматтардың жүгін әйелдерге артып қойып жатырмыз ғой. Әйелдердің өздері осы сөзді айта беріп, өздеріне салмақ түсіп жатқанын аңғармауда.
Бұл отбасылық институттың тірегін бұзып қана емес, феминисттік қозғалыстың жандана түсуіне жол ашады.
Жағдайдың түп-төркінін жөндеудің орнына әйел адамдарына озбырлыққа көнбеңдер, ажырасып кетіңдер деген кеңестер айтылуда.
Нәтижесінде бала әкесіз өсіп, әйел деген бала-шағасын өзі-ақ асырай алады деген ой бала санасына әбден сіңіп кететінін ескерілмеуде.
Салдарынан отбасыны құрғанда мінездер бір-бірімен бейімделу кезіндегі бастапқы түсініспеушіліктерге сабырлық танытпаған жастар оңай ажырасып, анасы баланы өзім-ақ бағып-қағып өсіре аламын деуде.
Әкесі бала алдындағы жауапкершілігін тек алимент арқылы жауып, одан кейін жас балаларына ауадай қажетті әке сөзінен, қолдауынан, тәрбиесінен жұрдай қалдырып жатқанын аңғармауда.
Бастапқыда тең құқықты қамтамасыз етеміз деген бастама уақыт өте келе феминизмдік көзқараспен жалғасып жатса, бұл тенденция үдей түссе алдағы он жылдықтарда қайда апарады өзімізді?
P.S. Қазір жағдай өзгеріп келеді, алайда қоғамда әйелдер мықтырақ деген қисық сөзді ести бергенде оның түбірі неде жатқанын жеткізгің келіп кетеді екен. Күйеуі масыл болыпты деген сөзді жазып, санаға құя бермесінші деп. Азаматтар мықтырақ, әйел адамдары бар болғаны өздеріне сенімдірек.
Гүлнар ІЗТАЕВА,
Facebook жазбасы.
Фото интернеттен алынды.