«Ел арналықтар» кешірім сұрады
Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлын мазақ еткендер кешірім сұрады деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы “Ер арна” өкілі Нұрбол Алмановтың әлеуметтік жазбасына сілтеме жасап.
“Бауыржан Момышұлы – қазақтың қайсар рухты тұлғасы. Бағасын көзі тірісінде алған батыр. Ол кісінің жасаған ерлігі ұрпаққа үлгі, жазған шығармалары бізге өнеге.
«Ел арна» түсірген бағдарламаға қатысты аз-кем түсінік бере кетсем.
Қазақ киноларын көрсетіп келе жатқан біздің арна былтырдан бері жастар аудиториясына ден қойып, өз көрермендерін жинауда. Бұл ретте әлем бойынша үздік жобалар зерделенді. 2 топқа бөлініп, біліммен, ептілікпен сайысатын «Қыздар мен жігіттер» жобасы солай таңдалған еді. Жарыққа шыққанына 2 айдан асқан бағдарламаның эфирдегі рейтингі де, әлеуметтік желідегі қаралымы да жақсы.
Сол ойынның бір туры «Мен кіммін?» деп аталады. Бұл жерде шетелдік жұлдыздар мен елімізге танымал тұлғалардың және ертегі кейіпкерлерінің бейнесі жасырылады. Ойынның шарты бойынша әр қатысушы суретті көрместен баннердің артына өтіп, командасына сұрақ қою арқылы өзінің кім екенін табуы тиіс.
Бұл ойында таңдалған батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының бейнесі әлеуметтік желіде талқыланып жатқандай мазақ ету емес, керісінше мадақтау, дәріптеуді көздегенін айтқымыз келеді.
Ойын өрескелдеу екенін біз де дер кезінде байқадық. Тек түсірілім кезінде желіге тарап кетіпті. Бізде батыр бабамызды ұлықтасақ, келер ұрпақ ұмытпаса деген мақсат қана бар, даңқына шіркеу түсірсек деген ой болған емес. Сондада аруақ қозғалған соң Батыр рухынан, елден, сол елге қадірлі Зейнеп Ахметова апамыздан кешірім өтінеміз” деп жазды автор.
Фото интернетен алынды.