Қазақтың тойындағы дарақылық

0
161

“Той десе, қу бас домалайды”, “Той — тәңірдің қазынасы”, “Қазақтың тойы бітпесін”, “Тойдан қайтсын”, “Той болмайды шашусыз”, “Көңілдінің үйінде — күнде мейрам, күнде той”, “Тойға барған да арманда, бармаған да арманда”, “Өлгенде көрген бір той”…

Қазақта той туралы сөз бітпейді. Бір ғана баланың үйлену тойы үшін қазақ қанша шашылады. Тәтті шай, Құдалық, Құдайға шүкір, Қарсы құдалық, Қыз ұзату тойы, Есік көрсету, т. т. Ал қара жамылып жатқан үйде ше? Жаназа шығару, жетісі, әр бейсенбі сайын дастархан жасау, қырқы, жүз күндігі, жылы, мазарын көтеру.

Бұның әрбіріне ірі қара мал, жылқы мен қой сойылып, 200-400 адамға ас беріледі. Бұдан басқа да құран түсірту, шек беру, айт күндері садақа беру, кит тарату секілді ырымдар жетерлік. Қазақтың жиыны осымен ғана бітер ме. Жоқ! Оның бәрін тізуге ақ қағаздың беті жетер емес.

“Айт — аттынікі, той — тондынікі” немесе “Той тондыға, айт аттыға жарасады”, “ Тойға барсаң, тойып бар, жаман ойыңды қойып бар” деген кешегі бабалар сөзі қазір ұмыт қалып, тіпті, құлаққа ерсі естілетін болды. Қазір қазақтар, тойға дайындалып, тамақ ішпей, ашығып барады. Арақ- шарабына дейін сыпыра ішіп-жеп, қалғанын пакет-пакетке сап әкетеді. Өтірік пе?

Қазақ зауыт салып, кәсіпорын ашпай, мейрамхана салудан әлемде бірінші орында. Неге? Ауруын жасырған өледі.

“Аттыға ілесем деп, жаяудың шаты айырылыпты”. Бай — байға, сай — сайға құяды, сол байға ілесем деп кедей байғұс кредитке той өткізіп, жалған намысқа тырысады. Басында үйі жоқтардың Лимузин жалдайтынын қайтерсің.

“Біреудің несібесінде нең бар” деп қарсы уәж айтатындар да бар, әрине. Білем. Бірақ, туысының не көршісінің қарызға белшеден кіріп, той өткізгеніне сырттай айызы қанып, келемеждеп отырған да талай қазақты білем.

Өзге түрік халықтары (тіпті ауылы аралас, қойы қоралас деген ұйғыр мен өзбек ағайындардың өздері де) қанша жыл бізбен бірге өмір сүріп келсе де қазақтың той десе қу басының домалайтынын түсіне алар емес. Сыртымыздан “жыртыл,қазақ, жыртыл” десе, көзімізге “неткен жомарт, кеңпейіл, бай халықсыңдар!” деп арқамыздан қаққанға мәзбіз.

Мейрамхана ішіне (әттең, танкке рұқсат бермейді), мәшине немесе аспанмен кеме кіргізіп, онысы үзіліп кетіп немесе тайып жығылып мертігіп жатқан, аты еденге музыка даңғырына шыдай алмай тышқақтап жатқан, тіпті оны қойшы, анау Дубайға, Грекия мен Түркиеде той өткізіп, орман өртеп жатқандар ше? Соған мәз болған “ ақылды” понтовщик қазақтар туралы айтсам, қақалып қаламын.

Қазақ неге, осындай!? Жетім мен жесірге, жарлы мен жақыбайға көмегін беріп қарасатын, у ішсе, руымен бірге ішетін қазаққа бүгін не болды? Әлі де бәрін Назарбаевтан немесе үкіметтен көріп, әлі де осылай кете береміз бе.

“Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне” деген данышпан Абай сонау заманда-ақ бекерге зар шекпеген екен.

Әр шаңырақта — той болсын!..

Пікір иесі Құдиярбек АҒЫБАЕВ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.