Шетелде тұрмыс құрған қыздың қайғысы

0
956

Адамның басы — Алланың добы ә?.. /Адамның дегені емес — Алланың дегені мағынада/Таксиден түсіп, театрыма қарай музыкамды тыңдап келе жатсам, жол бойындағы жайдақта бір қатын еңіреп отыр.

Білмейм, қасына тоқтап, жұбатқым келді. Сөйтсем… Тұңғыш қызы Түркияға магистратураға түсіп, сол жақта түрікке күйеуге тиеді. «Алғашқы бес жылда дымын сезбедік. Қызым бақытты боп көрінді. Екі балалы болды.

Сегіз жылдан асты. Соңғы екі жылда қызымды елге жібермейді. Арасында кикілжің туып, қызым ажырасқысы келеді. Бірақ, «екі баланы таста да, кете бер» дейді екен. Не, балаларымен қыдырып келуге рұқсат бермейді. «Өзің баласыз барып кел» дейді. Өзі келейін десе, қайтып барған кезде балаларымның орнын сипап қаламын деп қорқады» деп жылады.

Не дерсің, Тағдыр?!. Түріктер де қандасымыз ғой, тек, өзге мемлекеттің өз заңы бар дегендей… Адам болған соң, ыдыс-аяқ сылдырайтын кикілжің өз жеріміздегі отбасыларында боп жатыр ғой. Бала — анасына берілетін өз еліңде әйтеуір, «баладан айырылып қаламын» деп қорықпайсың.

Тіптен болмаған жағдайда бір елдің суын ішіп, көріп тұрасың дегендей… Жат елде бауыр ет баланы қалдыру қиын, әрине. Жұбатарға түк сөз таппадым. «»Қызым — көрікті, білімді, ақылды боп өсті. Шетелде оқыттым. Шетелде жүріп өзі Түркияның магистратурасына түсті. Неге екені, қазақ жігіттерінің бірде-біреуі сөз салмады.

«Жасым жиырма тоғызға келді. Қашанғы күтем» деп, сөз салған түрік жігітінің етегінен ұстады. Кеше хабарлассам, екі баласының құжатын күйеуі тығып тастапты. Елге шығалмай отыр. Қызыммен тату тұрмаған соң, біздің барғанымызды жақтырмайды» деп, байғұс қатын еңіреп жылады. Қаласақ та, қаламасақ та, күйеуінің позициясы дұрыс. Ұрпақ — өз елінде өсуі керек. Ұрмайды. Соқпайды. Ештеңеден кем емес.

Тек, бақыт жоқ. Неге… Әубаста неге ойланбады екен?.. Махаббат десек те, өзге мемлекетте екінің-біріне Бақыт құсы қонбасы анық. Түбі бір қайшылық шығатыны да жасырын емес. Мыңнан — біріне бұйырған Бақ құсы, бәріне қайдан жетсін?..

Сезім шіркін алды-артына қаратпайтын алдамшы тасқын ғой. Қызымыз сүйіп қалған болар?.. Тек, баласын жырып алып қалатын заңы бар елге кетерде ойланса дейсің де… Өте ауыр жайт. Бәрінен де жұбату сөзін таппаған қиын екен. Артымда қалған қатынның солқылын естіп ұзаудың қиыны-ай деңіз?..

Сая ҚАСЫМБЕК,

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.