Мұғалімнің жеке өмірі қорғала ма?

0
285

Түркиядағы демалысы үшін жұмысынан айырылған қызылордалық екі мұғалім мектеп директорын сотқа беріп, жеңіліп қалды.

Осыған байланысты депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге 24 сағат бойы ұстаз бол деген пікір дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, ұстаздардың жеке өмірі заңмен қорғалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қоғамда екі түрлі пікір қалыптасқан: бірі мұғалім 24 сағат ұстаз болуы керек десе, екіншісі мұғалім қызмет уақытында ғана маман, қалған уақытта біз сияқты азамат дейді. Оның басқа да әлеуметтік рөлдері бар.

Мен екінші пікірге қосылам, сондықтан 24 сағат «сен мұғалімсің, өзіңді мұғалім секілді ұстауың керек» деу тиімді емес. Оның да жеке өмірі бар. Әрине, этикалық мәселелерді ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ. Бірақ сол этикалық сұрақтардың ішінде мұғалімнің жеке өмірі қорғалуы керек және заңмен қорғалады», — деді депутат.

Аймағамбетов мұғалімге қысым жасап, жұмыс уақытынан тыс кезде «кафега бардың, тойға бардың, балаларыңмен сырғанақ ойнадың» деп айып тағу дұрыс емес.

«Мұғалім сабақ үстінде ғана мұғалім, сабақтан кейін, әрине, этикалық талаптарды сақтай отырып, өзі қалаған нәрсемен айналысуға құқы бар», — деді ол.

Еске салсақ, Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы №250 мектептің екі мұғалімі демалыс уақытында Түркияда түнгі клубтардың бірінде трансвеститтер шоуын тамашалаған.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, ата-аналар шу шығарған. Осыдан кейін мектеп басшылығы ұстаздарды жұмыстан шығарып жіберген. Екі мұғалім жұмыстан қысым көріп шығарылғанын айтып, мектеп директорын сотқа бергенімен, жеңіліп қалды.

Қызылорда облыстық сотының дерегінше, жұмыссыз қалған ұстаздар директордан қысым көргенін дәлелдей алмаған. Енді талапкерлер аппеляциялық сот алқасына жүгінбек.

Фото интернеттен алынды.