Фейсбукте отырғанда сақ болыңыз!

0
233

Үкімет бұған мемлекеттік мүддені қорғау және осы саланы тәртіпке келтіру үшін баруда деп хабарлайды Democrat.kz.ақпараттық порталы Inbussines.kz. сайтына сілтеме жасап.

2024 жылғы 8 шілдеден, яғни алдағы дүйсенбіден кейін елімізге залалды ақпаратты таратып келген шетелдік, бірінші кезекте ресейлік онлайн-платформалар мен интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелуі мүмкін.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның 2024 жылғы 24 маусымдағы нөмірі №267-НҚ бұйрығы Әділет министрлігінде №34570 құжат болып тіркеуден өтті. Ол енді биылғы 8 шілдеде күшіне енеді. Өйткені құжатта көрсетілгендей, бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Бұйрыққа сәйкес, «Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның нұсқамасы бойынша интернет-ресурстарға, шетелдік онлайн-платформаларға және лездік хабарлар алмасу сервистеріне қолжетімділікті шектеу туралы қағидалар» өмірге жолдама алды. Учет.kz сарапшыларының айтуынша, бұғаттау да енді осы қағидалар негізінде жүреді.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл қағидаларда – Қазақстан заңдарында тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу тәртібі белгіленді. Тиісінше, сондай-ақ ақпаратты өзінде орналастыратын, оны тарататын ресурстар бұғатталуы мүмкін.

Тексеріс интернет-ресурстарды, мессенджерлерді, онлайн тұғырнамаларды қамтиды. Басқаша айтқанда, әлеуметтік желілердегі азаматтардың жеке аккаунттері де, Facebook-тегі топтар, YouTube, Telegram арналар және басқалары мониторингтеледі және заңсыз ақпараты үшін бұғатталуға жатады.

Оларды анықтауға біріншіден, мемлекеттік ресурстар жұмылдырылады.  Ондай кесапаттарды әшкерелеу үшін жаңа қағидалар барлық меморгандар мен ұйымдарды өз құзыреті шегінде Қазақстан заңнамасын бұзушылықтарды анықтау үшін интернет желісіне мониторинг жасауға міндеттейді.

Екіншіден, қоғамдық еріктілердің қуаты да пайдаланылмақ. Яғни, ұлт тағдырына жаны ашитын, мемлекеттік мүддені қолдайтын кез келген қазақстандықтың негізді шағымы қаралуға тиіс.

«Лездік хабар алмасу сервистерін (мессенджерлерді) пайдаланушылар заңнаманы бұза отырып орналастыратын материалдарға мониторинг – бұзушылықтар бірнеше рет болған жағдайда лездік хабар алмасу сервисін пайдаланушының жолданымы негізінде жүзеге асырылады», – делінген жаңа қағидаларда.

Министрліктің түсіндіруінше, заңсыз ақпарат жариялаған ресурс бірден бұғатталмайды. Алдымен, анықталған бұзушылықтар бойынша уәкілетті орган 3 жұмыс күні ішінде Қазақстан заңдарында тыйым салынған ақпаратты жою туралы шетелдік онлайн-платформаның немесе лездік хабар алмасу сервисі әкімшілігінің мекенжайына хабарлама хат жібереді.

Сол сияқты егер Қазақстан аумағында «Ақпараттандыру туралы» заңның 66-бабының 3-тармағын бұзатын шетелдік онлайн-платформаның қызметі әшкереленсе, әкілетті орган 3 жұмыс күні ішінде оның меншік иелеріне, заңды өкілдеріне «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңының 9-бабының талаптарын орындау қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

Түсіндіре кетсек, «Ақпараттандыру туралы» заңның 66-бабына қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы мамырда енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай 100 мыңнан астам пайдаланушысы бар кез келген шетелдік онлайн-платформаның, лездік хабарлар алмасу сервисінің меншік иелері бір ай ішінде ақпарат министрлігімен өзара іс-қимыл жасайтын өзінің заңды өкілін тағайындауға міндетті.

Осы талапты сақтамай, яғни қазақстандық билікпен қатынасқа жауап беретін өкілін тағайындамай қызметін жалғастырған шетелдік онлайн-платформа немесе мессенджер анықталса, онда оның Қазақстан аумағындағы қызметіне шектеу қойылады. Яғни, бұғаттауға жаңа негіз пайда болды.

Алайда мұндай шектеу дереу қойылмайды. Қағидаларға сәйкес, министрлік тағы 8 айға дейін күтеді. Өкілін тағайындауға уақыт береді.

Бұғаттау алгоритмі келесідей:

Шетелдік онлайн-платформа заңның 66-бабының 3-тармағын орындамаған кезде, хабарлама жіберілгеннен кейін 8 ай ішінде уәкілетті орган шетелдік онлай-платформа трафигінің өткізу қабілеттілігінің параметрлері бойынша статистикалық деректерді беру туралы мемлекеттік техникалық қызметке сұрау салады.

Мемлекеттік техқызмет сұрауды алғаннан кейін күнтізбелік 15 күн ішінде шетелдік онлайн-платформа трафигінің өткізу қабілеттілігінің параметрлері бойынша статистикалық деректерді жинап, талдау жүргізеді және талдау нәтижелерін уәкілетті органға жібереді.

Осыдан кейін уәкілетті орган мемлекеттік техқызметке өңірлер бөлінісінде және тәуліктің әртүрлі уақыт кезеңінде Қазақстан аумағында шетелдік онлайн-платформаға қол жеткізуді шектеу түрінде оның қызметін бұғаттау шараларын қабылдау туралы нұсқама жібереді.

Мемлекеттік техқызмет нұсқама негізінде Қазақстан аумағында шетелдік онлайн–платформаға қол жеткізуді шектеу шараларын қабылдайды.

Шетелдік онлайн-платформаға қолжетімділік Мемтехқызметтің талдауындағы статистикалық деректердің ең жоғары мәнінен 10%-ға, 50%-ға немесе 90%-ға шектелуі мүмкін.

Internet Freedom Kazakhstan эксперті Елжан Қабышевтің түсіндіруінше, онлайн-платформаларға, интернет ресурстарға қатысты шағымданудың негізгі екі тәсілі бар.

Бірінші арнасы – Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтының жоғарғы жағында орналасқан «Интернет контентке шағым айту» деген сервисті басу. Екінші арнасы – хат жолдап, жазбаша өтініш жазу.

2024 жылдың басында осы реестрдегі бұғатталған сілтемелердің саны 76 мыңнан асты.

«Қазіргі заманда интернет бұғаттау – ең өзекті және даулы мәселелердің бірі. Әртүрлі мемлекет онлайн контентті реттеу мен шектеуде әртүрлі тәсілдемелерді қолданады. Мұнда олар төл саяси, мәдени, идеологиялық құндылықтарын басшылыққа алады, сондай-ақ бұғаттау – әрбір мемлекеттің технологиялық мүмкіндіктеріне байланысты болады. Қазақстанда мысалы, онлайн бұғаттаулардың қолданылғанына 15 жылдан асты», – деді Елжан Қабышев.

Сарапшының түсіндіруінше, бастапқыда Қазақстанда бұғаттау негізінен сот шешімімен жүзеге асырылатын. Нәтижесінде, бертінде, 2014-2015 жылдары қазақстандық соттардың онлайн-контентті шектеу бойынша шешім шығаруы шырқау шегіне жетті: 3 912 ресурстар мен сілтемелер шектелген. Өз кезегінде Бас прокуратураның шешімі бойынша 68 ресурс пен сілтеме бұғатталған.

2016 жылы «Байланыс туралы» заңына (41-1-бабы) енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі интернет-ресурстарға қолжетімділікті соттан тыс шектеу өкілеттігіне ие болды. Осылайша, министрлік тек 2016 жылы соттан тыс 29 133 интернет-ресурстарды бұғаттады. Бұл алдыңғы екі жылдың көрсеткішін қоса алғандағыдан да 7 еседен астам көп.

Дегенмен, осыдан кейін жазалау жаппай сипат алмай, нысаналы, мақсатты түрде жүргізіліп, көрсеткіш айтарлықтай азайды.

2017 жылы соттардың шешімдері мен министрліктің нұсқамалары бойынша шектелген ресурстар мен сілтемелер саны 13 013-ті құрады.

2018 жылдан бастап 2023 жылдың қарашасына дейінгі аралықта соттардың шешімдері бойынша небәрі 385 ресурстар мен сілтемелер шектелді. Дәл осы 6 жылда министрлік 78 707 онлайн-контентті соттан тыс бұғаттаған екен.

Қорыта келгенде, салалық статистика жүргізіле бастаған кезден 2023 жылдың соңына дейінгі аралықта Қазақстанда барлық мемлекеттік органдар тарапынан жалпы саны 127 мыңнан астам интернет-ресурстар мен сілтемелермен бұғатталды.

Қазақстанда заңнамада және реестрде бұғаттауға себеп болатын 32 негіз көрсетілген. Соның ішінде осы бүкіл уақыт бойында ең танымал болған негіздерге:

Қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін, суицидті және порнографияны насихаттау;

Терроризм және діни экстремизм идеяларын насихаттау;

Есірткі құралдарын насихаттау;

Ойын бизнесі, интернет-казино қызметтерін көрсету жатады.

Былтырғы 2023 жылы танымал болған негіздер:

Алаяқтық фактілері;

Ойын бизнесі, интернет-казино қызметтерін көрсету;

Қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін, суицидті және порнографияны насихаттау;

Есірткі құралдарын насихаттау.

«Терроризм және діни экстремизм идеяларын насихаттау» негізі бойынша бұғаттаудың шырқау шыңы 2018 және 2019 жылдарға келді.

Бұғаттау саласындағы ең бір абсурдты кейс – Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтын бұғаттау болды. 2022 жылғы 14 қазанда Алматы облысының Талғар аудандық сотының шешімімен ДДСҰ интернет ресурсы Қазақстанда шектелді. Бұған онда суицид туралы ақпараттың орналастырылуы себеп болған. Сол кездегі денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев меморгандармен бірге бұл тосын тығырықтан шығу жолдары іздестіріліп жатқанын айтты. Бүгінде сайт еркін ашылады.

Жаңа қағида бұғаттау саласын жаңаша реттеуге тиіс.

Фото интернеттен алынды.