Бұл ұйымда орта держава мәртебесіндегі мемлекеттер жақсы шоғырланған

0
201

Шанхай ынтымақтастық ұйымы қарастыратын мәселелердің ауқымы аймақтықтан жаһандық мәселелерге ойысып жатыр. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ШЫҰ саммиті аясында саясаттанушы Риззат Тасым айтты деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саны артып келеді. Мұның символдық мәні бар. Себебі, бұған дейін Иран да қазақ жерінде ұйымның мүшелігіне өткен еді. Енді бүгін Беларусьпен ұйым мүшелігі кеңейіп отыр.

Жалпы Шанхай ынтықмақтастық ұйымының хартиясында көрсетілген бағыт-бағдарға үлес қосқысы келсе, кез келген елге ашық болып саналады. Ендігі уақытта ұйым қарастыратын мәселелердің ауқымы аймақтықтан жаһандық мәселелерге ойысып жатыр.

Бұл ұйымның үлесінің артқанын көрсетеді. Көп мәселенің осы ұйым төңірегінде қорытындыланып, шығарылған шешімдердің болашақта жаһандық күн тәртібіне әсер ету ықтималдылығы өте жоғары. Әсіресе, бұл ұйымда орта держава мәртебесіндегі мемлекеттер жақсы шоғырланған. Оның бірі – Қазақстан.

Яғни, энергетикалық, экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударылатын секілді. Ең маңыздысы ұйымның 2035 жылға арналған жаңа бағдарламасы қабылданады. Әскери салада емес, экологиялық, экономикалық, энергетикалық бағыт-бағдарлар да бар ғой. Оларға да басты назар аударылады», — деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, Ұйым аясында Орталық Азияға да баса назар аударылатын болады. Өйткені осы ұйымның діңгегі – Орталық Азия. Сондай-ақ Астана декларациясында Орталық Азияның Ұйымдағы рөлі туралы тармақтар да қамтылмақ.

Мұнан бөлек, саясаттанушы алдағы уақытта ұйым қатарына басқа да мемлекеттердің қосылу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

«Міндетті түрде Ұйымға мүше боласың дегендей күштеу әдісі жоқ. Маңыздысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының мақсаты мен міндетін орындап, бастамалар жасаса, онда ешқандай кедергі жоқ. Бүгінде Беларусьтан басқа Ұйымға толыққанды мүше болуға 5 мемлекет ниет танытып отыр.

Оның ішінде Лаос, Бангладеш, Қатар бар. Ендігісі осы мемлекеттердің шынайы ниетіне байланысты. Мысалы, Беларусь ұйым құрылғаннан бері аса белсенділік танытып, соңғы 3 жылдың ішінде өзіне жүктелген міндеттемелердің барлығын орындады. Ішкі заңнамасын Шанхай ынтымақтастық ұйымының міндеттемелеріне сәйкестендірді.

Егер де өзге мемлекеттер де осындай белсенділік танытса, онда ұйымға кіруге ешқандай кедергі жоқ», — деді Риззат Тасым.

Фото интернеттен алынды.