«ТикТок»-тағы сұмдыққа тоқтау салынбаса…

0
290

Бұл сұмдыққа қашан тоқтау болады? ТикТок деген әлеуметтік желіні ашуға қорқатын болдық. Себебі кеш бата басталатын сорақы жағдай таңға дейін жалғасады. 

Уақытыңызды бөліп, ТикТокты ашып қараңызшы. Ниқаб киген қыз-келіншек пен сақалы шошаңдап аузына келгенін көкіп отырғандар мыңдап саналады.

Бекерге отырған ешбірі жоқ. Ондайлардың барлығы тұтас теріс уағыз-насихат айтып отырады. Мысалы, төмендегі видеодағы қыз шашы ашық қыздарды зорлап кетеді десе, келесі видеодағы «ғұлама» намаз оқымағандарды «көрде көзі жанған жыландар тырнақтарымен келіп» деп миға сыймайтын дүниелердің бәдігін сапырып отыр.

«Күйеуімнің не айтса — заң. Ата-анаңмен араласпа десе, араласпаймын» дейтінін қалай түсінуге болады? Бұл нені насихаттап отыр сонда?

Кезектегі видеода өрімдей жас қыз өзінің екінші әйел болып тигенін мақтан тұтып, «күйеуім тағы әйел алам десе, қарсы емеспін» деп, «мұсылман еркек 3-4 әйел алса, зина жасамайды» деп айды аспанға бір-ақ шығарады.

Түндегі болатын тікелей эфирлерде төбе шашыңыз тік тұратын дүниелер айтылады. Ашықтан-ашық «Исламға қарсы келгенді «фарш етем», «өйтіп жіберем, бүйтіп жіберем» деген экстремизмге толы сөздерді еш қысылмай айтып отырған діндарлар жеткілікті.

Мұндай нәрселерді қарап отырған ұл-қызымыздың жайы не болмақ? «3-4 әйел алуды» насихаттап отырған әйел Қазақстанның заңын сыйламау былай тұрсын, Ата заңға ашықтан-ашық қарсы шығып отырған жоқ па?

Мұдайларға бүгін тосқауыл қоймаса, ертең бармақ шайнап, өкініп қаламыз. Бұлардың беталысы сұмдық. Сәйкестік пе, әлде расымен солай ма, эфирде отырғандардың 90 пайызы Ақтөбе, Атырау, Жаңаөзен, Орал аймақтарынан. Өздері де парақшасына жазып қойған және сөйлеу диалектісінен де соны аңғаруға болады. (төмендегі видеолардың 2-3-ін ғана жүктей алдық. Ал мұндай видеолар мың-миллион екенін ескерткіміз келеді)

«Діни сенімің үшін басыңды көтер, айналаңды қырып-жой!» десе, кірпік қақпай шүріппені басудан тайынбайтын мұндайларды заңмен тоқтататын уақыт келмеді ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Дайындаған: Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.