Туыстық неке сорлатуда
Өзбекстанда 2023 жылы 9014 баланың 796-сына генетикалық ауру диагнозы қойылған. Бұған негізінен туыстық некенің тоқтамауы себеп болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Азаттық радиосы” әлеуметтік желіде Өзбекстандағы туыстық неке мен соның салдарынан туындайтын генетикалық аурулар туралы видео жариялады. Онда ағайынды Сирожиддин, Ойбохор, Фируза Тогаевтардың өмірі баяндалады.
“Атам өз ұлына әпкесінің қызын алып берді. Олар бізге қарайды, үй шаруасымен айналысады деп балаларын некелестіріп, туыс болды. Салдарынан әпкем екеуміз мүгедек болып тудық”, – дейді жергілікті билік сыйға тартқан мотороллермен ауылда жүк таситын Сирожиддин Тогаев.
Олардың анасы 2014 жылы, әкесі 2018 жылы өмірден өткен. Екі бауыры мүгедек болғандықтан, барлық үй шаруасы отбасындағы жалғыз сау бала Фирузаның мойнында көрінеді.
Видеода Өзбекстандағы әйелдер комитетінде жұмыс істейтін Насиба Худобердиева туыстық некенің бірнеше себебін айтады.
“Туыс адамдар арамыз ажырамасын деген мақсатпен құдаласады. Екінші себебі қазір той жасау қымбат. Көп шығын болмас үшін туыстары үйлену тойын шама-шарқынша жасайды. Ұрпағымыз дені сау болуы керек деп айтып жатырмыз. Азаматтар мұны түсіне бастады. Бірақ мұндай жағдай әлі де жиі кездеседі”, – дейді ол.
Фото интернеттен алынды.