Мен өз қызын жалмаған — жалмауыз әкемін
Бұл оқиға осыдан төрт жыл бұрын болған. Кәдімгі шынайы оқиға. Кәдімгі Түркістан облысында болған оқиға. Кейіпкерлердің аты-жөні ғана өзгертіліп алынды. Ал қалғанының бәрі қаз-қалпында…
Үшінші сәбиіне аяғы ауыр Айжамал УДЗ тексерісінен шыға салып, үйге қарай асықты. «Қыз деді. Қызымыз болады!» деп қуанышты хабарын күйеуі Ержанға айтқаны сол еді, көзі аларып бір қараған күйеуі: «Не? Қыз? Алдыртып таста!» деп ақырды.
Үш ұлдан кейін бір қызы болатынына күйеуін қуантам деп, керісінше ашуландырып алғанын түсінген Айжамал не айтса да, Ержанды райынан қайтара алмады. «Қыздан қайыр жоқ! Қыз — тек жезөкше болып, бізге сөз келтіреді. Қыздан тек қана кесір келеді!» деп еліріп, айғайлаған күйеуіне қарсы келе алмады.
Өкінішке қарай, 4 айдан асып кеткен іштегі шарананы алдырып тастау мүмкін болмады. Қалған бес айын Айжамал азаппен өткізді. Ержан әр сәтінде шермиіп шыққан қарнына қарап, түрлі ауыр сөздер айтатын.
Перзентханадан Айсұлу қызын құшақтап жалғыз шыққан Айжамал үйіне жеткенше жылап келді. Есіктен кіре бере, көз жасын сүртіп, түк болмағандай түпкі бөлмеге өтті. Үш ұлымен теледидар қарап отырған Ержан «келіпсің-ау» демеді.
Айсұлу қырқынан шыққанша, Ержан ол жатқан бөлмеге жоламады. Есесіне үш ұлына өткізетін «жиналысы» жиіледі. Үш баласын отырғызып қойып таңнан кешке дейін діни мультфильм көрсетіп, хадистер тыңдататын. Өзі мемлекеттік қызметте болса да, тым діншіл еді. Үш баласын дін жолымен тәрбиелеп жатырмын деп мақтанатын.
Алайда сырт көзге иманды көрінетін Ержанның үйіндегі шынайы түрін ешкім білмейді. Екі күннің бірінде аузы арақтан босамайды. Екі күннің бірінде әйелін тоқпақтап, көкала қойдай ұрып-соғады. Қалтасына артық ақша бітсе, қыз-қырқын жағалап, қыдырудан көз ашпайды. Ал ұлдарына діни «тәрбие беруде» керемет ғұлама еді.
«Айсұлудың әрбір аттаған қадамын бағып, оның әр қылығын көден таса етпейсіңдер. Айсұлудың әр оғаш әрекеті ең бірінші сендерге сөз келтіреді. Намыстарың тапталады. Сондықтан қарындастарыңды уыста қатты ұстап үйреніңдер» деп үш ұлының құлағына құя беретін.
Ержанның өзі күтпеген ғажайып сәт Айсұлу қырқынан шыққан соң басталды. Неге екені белгісіз, әйелі құнтитып киіндіріп қойған қызын алғаш көргенде, тұла-бойынан ток жүріп өткендей болды. Көздері тостағандай, қою қара кірпіктері оқтай қадалған қызының ерекше сұлулығы әкелік мейірімін оятып, елжіретіп жіберді. Әкесін танығандай, шалықтай езуін тартқан Айсұлуға еріксіз қолын созғанын байқамай қалды.
Сол сәттен кейін Ержанның өмірінің тек қана бір мәні бар еді. Ол -Айсұлу. Жұмысынан Айсұлуы үшін желпілдеп ерте келетін. Айсұлумен әр бос сәтін өткізуге күш салатын. Айсұлуы да күн өткен сайын әкесінен басқа ешкімнің құшағына бармайтын болып алды.
Айсұлудың ең алғаш шаттанып күлгені… уілдеп дыбыс шығарғаны…Айсұлудың ең алғаш шапалақ ұрғаны… Айсұлудың алғашқы қадамы…Бұл сәттер Ержан үшін тілмен айтып жеткізе алмайтын ғажайып кезең еді.
Айсұлу екі жасқа толған күні әдеттегідей дүркіретіп туған күнін атап өтті. Достарымен ішімдікті сілтей ішкен Ержанның бүкіл әңгімесі Айсұлудың қылықтары болды. Ержанды танитын айналасы «қызы Ержанды қатты өзгертті» дейтін.
Қонақтарды шығарып салған соң, шайтан түртті ме, Ержан әйеліне тиісіп бастады. «Саматқа күліп қарап не көрінді? Әлде араларыңда бір нәрсе бар ма?» деген сұрақтан шыққан кикілжіңнің соңы немен біткені есінде жоқ.
Таңертең көзін ашқанда, қонақ бөлмесіндегі диванда жатыр екен. Жерде шашылған бөтелке сынықтарын көрді. Аяқ жағында аунап жатқан қызын көріп, ұшып тұрды. Ыңғайлап, дұрыстап жатқызып, балалар бөлмесіне өтті. Үш ұлының жанында жатқан Айжамалды көріп, көңілі орнына түсті.
Сол түні Ержан Айжамалды аяусыз соққанын, бөтелкемен басына ұрғанын есіне әрең түсірді. Айжамал жылап отырып айтып бергенде «шайтан азғырды, кешір» дей берді. Алайда ұйқыдан оянған Айсұлуы неге екені белгісіз бұрынғыдан құшағын ашып, еркелемеді.
Әкесіне басқаша суық қарап, анасының етегіне тығыла берді. «Кеше сен мені ұрып жатқанда, қасымызда Айсұлу бар еді. Диванның бұрышында отырған күйі бір нүктеге қадалып, отыра берді. Басқа бөлмеге бар десем де, орнынан қозғалмады. Қорқып қалды-ау» деген Айжамалдың сөзіне ас мән бермеді.
Сол күннен кейін кіп-кішкентай Айсұлу күрт өзгерді. Сүлесоқ. Ештеңеге зауқы соқпайды. Әр бұрышта аунап жатады да қояды. Арада 2-3 күн өткенде Айсұлудың бірден қызуы көтеріліп, мұрны қанай бастады.
Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Шарасыз абдыраған Ержан мен Айжамалдың ендігі күндері аурухана табалдырығын тозумен өтті. Айсұлуға — ақ қан, лейкемия диагнозы қойылды.
Бүкіл жаман жүрісін тастап, ішкен арағын қойып, сәждеге бас қойып, намазға жығылған Ержан қызын ажалдан құтқарып қалу үшін бар күшін салды. Апармаған емші, апармаған аурухана қалмады. Өкінішке қарай, Айсұлу 3 жасқа толатын күні жалған өмірге қош айтты.
Сол Ержанды таяуда ауруханада кезіктірдім. Екінші рет инсульт алыпты. Тілі күрмеліп әрең сөйлейді.
«Сол түні әйелімді сабап жатқанда, соның бәрін көзімен көріп отырған Айсұлуым үлкен стреске түскен сияқты. Бала жүрегі сұмдық көріністі сіңіре алмады-ау. Сол күнге дейін тұмау болып ауырмаған қызым қалайша бір сәтте рак аруына ұшырады? Ішім сезеді, қызым ауыр дертке сол түні ұшырады. Оның өмірге келуіне қарсы болып едім. Өмірден кетуі де азапқа толы болды. Бір жыл бойы аурухана төсектеріне таңылып жатты. Әр барғанымда «әке» деп шырылдап жылап, мойнына, қол тамырларына тығылған инелерін көрсетіп еңіреп жылайтын».
«Мені қарғыс атты. Дүние есігін ашпаған сәбиге ауыр сөз айтып, тіл тигіздім. Қайдан білейін, әр жерден естіген сөздермен өмір сүретін сорлымыз ғой. Қазір жезөкше қыз көп деген түсініктің кесірінен әйел атаулының бәрі маған солай көрінетін. Сол себепті де Айжамалды үйден бір адым сыртқа шығармадым. Сол үшін де қызым болғанын қаламадым. Қызым болса, жезөкше болып, маған сөз келтіреді деп қара басымды ойладым. Қызымды менің қара ниетім, арам ойым жалмады. Мен өз қызымды өзім жалмаған әкемін. Айсұлудан кейін әйелім екі рет көтерді. Екеуі де ұл болды. Бізде енді ешқашан қыз болмайды. Айсұлудың көз жасын арқалап өтеміз»,-деген Ержан еңкілдеп жылады.
«Дәрігерлер маған арақ ішпе дейді, мен әдейі ішемін. Шылым тартпа дейді, мен әдейі тартамын. Өлгім келеді. Ішімді кеміріп бара жатқан күйіктен құтылып, өлгім келеді. Көзімді ашсам да, жұмсам да Айсұлуымның ауруханада соңғы рет қараған көздері көлбеңдеп тұрады да қояды. Қызым бүкіл жамандық атаулыға мені кінәлағандай қарап еді сол күні. Аурудан денесі күп болып іскен ол денесінің әр тұсынан тығылған инелерді емес, мені жек көргендей… Еркек атаулының түбіне ақымақтығы, нәпсісі, қызғанышы жетеді екен. Құдай менің жазамды осылай берді»,- деген Ержан қазір тек өлімін күтіп жүргенін айтты.
Әңгімені жазып алған Қанат ДАСТАН.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.