Діннің қадір-қасиеті қалай жоғалды?

0
477

Діннен қадір кетті. «Мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айрылды» дегендей, сәләфиттермен алысып жүргенде, тәңіршілер шықты.

Қазақ қоғамы ара-дара: бірін-бірі жұлып жеуге әзір. Шоқынып, басқа дінге өтіп кеткендермен тіпті ешкімнің шаруасы болмай қалды.

Діннің түп мақсұты осы ма еді? Қай жерден қателестік? Қай жерден жаза бастық? Бұл постсоветтік кезеңге тән синдром ба, әлде бұрыннан осылай ма?

Сан сауалға жауап іздеп қазақ қоғамына адаспайтын тура жол нұсқаған хакімдердің еңбектеріне үңілесің. Олар не дейді. Тыңдап көрелік.

«Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.
Әлемдегі діндердің түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай — бір, ұждан — дұрыс, қиямет — шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
Інжіл, Құран — бәрі айтып тұрса-дағы,
Мағынасынан адасып қара басар.
Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін өйтіп дұшпан бол демейді,
Қанеки, бұл сөзіме кім таласар? /Шәкәрім/

Мәселе қайда? Мәселе діннің өңкей алдау, жалған болуында дейді ойшыл Шәкәрім.

Дінге көңіл толмаушылық бұрыннан бар екен ғой; сол кезде, он тоғызыншы ғасырдың аяғы, жиырмасыншы ғасыр басында бұл проблема бар. Ендеше неге біз кінәні өзімізден іздемейміз, неге біз діннен тұра қашып жатқандарды біржақты кінәлаймыз.

Сол діннен тұра қашып жатқандар сауатсыз, қар жаяу, надан адамдар емес, керісінше, өте білімді адамдар. Олар неге діннен тұра қашып жатыр, өйткені дін олардың терең, фундаментальды, экзистенциалық, онтологиялық сұрақтарына жауап бере алмай отыр.

Ақылы сау адамды енді «өңкей алдаумен, жалғанмен» /Шәкәрім/иландыра алмайсың. Сондықтан діннің тұтқасын ұстағандар бір мезет: неге осы тәп- тәуір, білімді азаматтар діннен безіп жатыр? деп ойлануы керек сияқты. «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны /қазақты деп ұқсаңыз да болады/ бөліп, дұспандық қару жасар».

Мойындау керек. Ащы болса да. Дін қазақты /адамзатты айтпағанда/ бір бауыр қыла алмай отыр. Керісінше, дін қазақты бөлетін дұспандық қаруға айналып отыр. Қазаққа тіпті енді сырттан жау іздеп те қажеті жоқ: қазір-ақ бір-бірін көздері қанталап қырып тастауға даяр отыр.

Сонда Шәкәрім көтеріп отырған проблема ешқашан шешілмей ме? Осылай қала бере ме? Мұндай «өңкей алдау мен жалғандыққа» негізделеген дінге алтернатива жоқ па?Мұның ақыры қайда апарып соғады, Сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты, ойлы оқырман?

Жазба авторы- Омар ЖӘЛЕЛ.

Әлеуметтік желіден.

Фото интернеттен алынды.