«Құл» дегенге ренжудің жөні жоқ

0
480

Көктемде Мәскеуде жүргенімізде өзбектердің дәмханасына бардық. Тапсырысты өзбек қызы алды. Мен де, жолдасым да қазақша сөйлесіп, қазақша жауап бердік.

Рақметімізді айтып, шығып бара жатқанымызда өзбек қызы менен «Өзбексіз бе, қырғызсыз ба?» деп сұрады.

Мен «Қазақпын!» деп жауап бердім. Әлгі қыз «Қазақ?» деп, бетіме қарап таңырқады. Мен басымды изеп, шығып кеттім.

Өзбек қызы қазақты бірінші рет көріп таңырқаған жоқ, қазақтардың бір- бірімен қазақша сөйлескеніне таңырқады деген ойдамын.

Шынымен де, Мәскеуде орыстан гөрі азиялық ұлттар көп. Автобуста қырғыздардың қасында отырдым. Қырғыздың екі отбасы бірге кездесіп қалды. Бір-бірімен ана тілдерінде амандасып, арқа-жарқа болып жатыр.

Түріктердің дәмханасында да осы жағдай. Мәскеуде жүріп, бір-бірімен түрікше сөйлеседі.

Ал біздің қазақ… Екеуінің басы қосылса, Мәскеу түгілі Оралыңда «как дети, внуки» деп, ақыл айтатын апаларға дейін жыныңды ұстатады кейде.

Сол сапарымда автобуста Оралдан Самараға дейін артқы орындықта үш әйел орысша дабдырлап, бірінің Айгуль деген келінін жамандаған жағымсыз даусынан жол бойы ұйықтай алмай барып едім…

Желіде Түркияға барып, бір-бірімен ана тілінде сөйлемейтін қазақтарды «құл» деген Azamat Abilqaiyr інімізді талап жатқан «мәдениеттілеріміздің» әңгімесін оқып, жәй есіме түсіп кетті.

Құлағымыз үйренгені сонша, аңғармай қалатын жағдайға жеттік қой… Ал журналисттің «құл» дегеніне ренжігендер өзін танып қойып жатқандар…

Айнұр САБЫР, білікті ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.