«Сақалдылар мен оранғандарға тыйым салынсын!» дейді сарапшы

0
1801

Спорт тақырыбы іште қайнап жатқан тағы бір бітеу жараның бетін ашқандай. Үндемей қоя салсам да болар еді, бірақ… жасымыз келді, ақсақал жасындамыз.

Қоғамда болып жатқан үрдістерге пікір қосып отырмасақ бұл дұрыстыққа жата ма? Аузын буған өгіздей тіпті сесін де шығармастан талай адамдар отыр ғой онсыз да.

Кешегі жазған постыма ақылы көп, миы бас терісінің сыртына шып-шып шығып тұрған біреулер бұл қатын-өсек, қызғаншақтық, Елдос салапит емес дегендей пікірлер жазыпты.

Құдай тағала: «Әлемдегі ең тең бөлінген нәрсе — ақыл» — депті (немесе ең әділ бөліп бергенім осы болды деген бе, әйтеуір сондай бірдеңе). Өте дәл айтылған сөз! Анадай ақымақ пікір жазып отырғандар да өздерінше ақылды, қатырып жаздым деп мәз болып отыр.

  1. Оның салапит екендігі осында жарияланған бірнеше видеоларынан айқын көрініп тұр, ол факт. Отбасындағы жамылып жүргендер де соған меңзейді. Орыстың менталитетін дәл сыйпаттайтын бір анекдот есіме түсіп отыр – пойыздың тамбурында бір аққұлақ ұлы дәретке отырып, онысын айналасына, есіктерге жағып әбден бүлдіріпті. Мұның не деп келген кезекші жолсерікке: «А ты докажи, что это я сделал» — депті. Анекдот болса да шындықтан онша қашық емес, өйткені оларда сондай мінез бары рас. Бұл да сол сияқты нәрсе – салапит екенін дәлелдеу қиын, бірақ айтып жүрген уағызы солардікі екендігі тағы шындық.
  2. Қызғаншақтық депті. Қызғанатындай ол менің бәскелесім емес қой, менің тіпті күрестен мүлдем хабарым жоқ. Сосын… Тараз қайда, Ақтау қайда? Баламмен жасты баладан нені қызғануым керек екен? Осыдан 8 жыл бұрын (7.08.2016) Елдос финалға шықты деп пост жазыппын, қазақ баласы үшін қуанбасам сондай пост жазар ма едім? Абсурд қой мынау.
  3. Өсек депті. Өсек емес, сын. Пікір білдіру. Өсек басқа.

Жарайды, енді нақты постқа келейік. Не айтқым келеді? Салапиттік уағыз күшейіп бара жатқандықтан бұған қарсы билік бір шарасын алмаса болмайды. Әрине, қоғамдық ұйымдар, біз сияқты жекелеген адамдар хал-қадерімізше күресерміз, бірақ біз әуелден бір орталыққа сенген (ақсақалға, тайпа көсеміне, ханға, президентке, т.с.с.) халықпыз ғой, сондықтан биліктің сөзі салмақты.

Айтқандай бұл демократия талаптарына қайшы емес, демократия дегеніміз де тәртіп; анархия, бетімен жайылушылық емес. (Бұл және біздің терең мемлекеттілік санамыз бар дегенді білдіреді, біреулер бұрын қазақта мемлекет болмаған деп оттағанындай емес).

Мен бұған дейінгі бірнеше посттарымда айтып жүрмін – Тоқаев өзі білмесе ең болмағанда Өзбекстан тәжірибесін пайдалануы керек. Сақалдылар мен жамылғандарға тыйым салмаса болмайды.

Оларды тікелей көшеден ұстап алып ең болмағанда 15 тәулікке қамау керек. Ия, адам құқына қайшы, бірақ… менің құқымды кім қорғайды? Олар қоғамда жалғыз емес қой, неге уағыз айтып менің басымды қатыруы тиіс? Неге менің балаларымның басын айналдыруы тиіс? Кім оларға ондай құқық берді?

Барлық мемлекеттік мекемелер… мектеп, бала бақшаларға жамылғандарды кіргізбеу керек. Автобустарда немесе басқа қоғамдық орындарда оларды отырса опақ, тұрса сопақ қылу керек.

Сондай атмосфера қалыптастырмаса болмайды. Уағыздарын тек мешіттерде ғана, жиналған жамағаттарына айтсын, жарнамалап адам жинауға тиым салынсын. Микрофонмен сарнап аят оқу да жарнаманың бір түрі екендігі шындық, неге оны мен еркімнен тыс тыңдауым керек? Әсіресе түн ішінде?

Мен де құдайға сыйынам, бірақ ол менің өз ішімде болуы тиіс емес пе? Неге мен діни көзқарасымды айналама, бала-немерелеріме таңуым керек? Осыны кім түсіндіріп бере алады?

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ, сарапшы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.