Мектепте жыныстық тәрбие сабағы өтуі керек пе?

0
431

Осыдан 10-12 жыл бұрын депутат мінберінен мектептерде жыныстық білім беру туралы мәселе көтерілген-ді. Сол уақытта жұрттың көбі шуылдап, бұл ұсынысқа қарсы шықты. Неге? Осы сұраққа психолог, сексолог Болат Арыстанбек арнайы жауап берді деп жазады Democrat.kz.

“Кішкентай балаға жыныстық сабақ өтіп, білім беру — ұят. Ұлттығымызға -сын. Ұл мен қызға не деп жыныстық мәселені сөз етеміз?” дескен “ұятмендер” бұл тақырыпты жылы жауып қойған.

Байқасаңыз ұялатын нәрседен ұялмай, ұялмайтын дүниеден бетімізді басатын халықпыз. Жыныстық тәрбие беруді ұят санадық. Ұлттығымызға сын көрдік. Алайда жыл санап мектеп жасындағы қыздарымыз жүкті болып, тіпті 10-12 жасар қызымыз сәбилі болып жатқанда әлгі ұятымыз ұрыс- керіс, талас- тартысқа айналып кете салады. Павлодар жақтағы 12 жасар қыз сәбилі болғанда жұрт “еее, дінсіздіктен, имансыздықтан солай болды да!”, “өзге ұлт өкілі көп аймақ қой”, “тәрбиесіздік қой!” десіп пікірді бұрқыратып жаздық.

12 жасар қыздың сәбилі болуын трайбализм, діни фанатизммен бетіп бүркеп, жылы жауып қоя салдық, бітті! Проблеманың себеп-салдарына үңілетін сана қайда? Қыздардың мектеп жасында жыныстық қатынасқа түсуінің ең басты себебі — жыныстық білім, тәрбиенің жоқтығынан.

Біздегі 80-90 пайыз ата-ана үйдегі ұл-қызына жыныстық қатынас туралы айтпайды. Мектепте болса да, бұл тақырып — жабық тақырып. Ал баланың физиологиясы, психикасы, организмі дегеннен хабары бар кісі әр баланың белгілі бір жаста түрлі сезімдерге бой алдырып, сол сезімнің жетегінде кететінін білсе керек.

Апырай, мұны білу үшін кәсіби маман болудың да қажеті жоқ қой!? Бәріміз бала болдық, албырт шақтан өттік емес пе?! Қалайша ұмыта қалдық? Біз сондай халықпыз. Ұмыта қаламыз. Ұяла қаламыз. Қарны шермиген 13-15 жасар қызды көрсек, “шошаңдап жүріп от басқан да! Өзіне обал жоқ!” деп бар кінәні өрімдей жас қызға аударып, “жеңілдейтін” сорлы хлықпыз. Маман ретінде, ата-ана ретінде жыныстық тәрбиенің мектеп жасынан берілуін қолдаймын.

Сонымен қатар әрбір ата-ана ұл-қызына 8-9 жастан бастап жыныстық мәселе туралы аздап-аздап ақпарат беріп, кейін 11-13 жаста бұл тақырыпта ашық сөйлесуі керек. Балаңыз жабайы жыныстық қатынасқа түсіп, сорлап қалғаннан гөрі, ең болмаса  бұл жағдайға аз да болса ақылмен қадам басса, сол дұрыс емес пе?

Жыныстық тәрбие беруде әсіресе ұлдарға кеңінен білім берген жөн. Қазір 25-27 жасар жігіттер жыныстық қорғанудың не екенін білмейді. Бұл надандық аздай, әлдебір діни түсініктегі сауатсыздар “күнә болады” деп презерватив кимейтінін де естіп жүрмін. Бұл топастық! Ақыры сәбилі болғың келмей ме, онда қорған! Осындай дүниелер үйде, мектепте көптеп айтылуы керек.

“Адамның еті өледі” дейтін түсінік бар ғой. Күнде естіп, көріп біліп жүрген дүниесіне адам құмартып, еліріп, қызықпайды. Міне, жыныстық тәрбие де солай “ет өлтіру” әдісімен берілуі керек. Жалаңаш қыздың суретін жасырынып көрген жігіт әрине, қарсы алдында шыққан жартылай жалаңаш қызды бассалып, жерге ұратыны сөзсіз.

Мұның бәрі сауатсыздық, надандықтың салдарынан. Білімі бар еркек көлденең кездескен қызбен жыныстық қатнасқа түспейді. Білімі бар қыз да көрінген еркектің құшағына құламайды.

«Ойбай, дінімізді берік ұстасақ, осындай масқаралардан құтыламыз. Қыздар ашық-шашық киінгеннен осылай болып жатыр» дейтіндерге айтарым, Қазақстанда өздерін діншіл, иманды санайтын кісілердің басым бөлігі оңтүстік пен батыс өңірлерде тұратынын ескерсек, жыныстық мәселедегі ең сорақы жағдайлар да сол аймақта ең көп шығып жатқанын ұмытпайық.

Қызға хиджаб кигізіп қойып, мәселе шешілетін болса, талақ-жезөкшелік белең алмас еді. Мектеп жасындағы жыныстық тәрбие мәселесін тек білім арқылы, сауатты, жүйелі тәрбие арқылы ғана азайта аламыз.

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.