Назарбаев мектептеріне ақша есепсіз бөлінген

0
146

Жоғары аудиторлық палатада Назарбаев зияткерлік мектептері қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы шықты.

Нәтижеге сәйкес, билік мемлекет қаржысын дарынды балаларға арналған мектептерге нақты жоспарсыз бөлген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Жалпы есепті кезеңде Назарбаев зияткерлік мектептері жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға қаралған. Дегенмен бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесінде НЗМ рөлі нақты айқындалмаған. Атап айтқанда, бағдарламаларда, ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларда тәжірибені тарату нәтижесіне қатысты нақты міндеттер, функциялар мен көрсеткіштер белгіленбеген”, – деп мәлімдеді Жоғарғы аудиторлық палата.

Аудиторлардың мәліметінше, білім беру үдерісі үшін тиісті министрлік бекіткен 3 мыңнан астам оқулықтың 67-і немесе 2 пайызы ғана Назарбаев зияткерлік мектептеріне тиесілі. НЗМ әзірлеген оқулықтарды жалпы білім беретін мектептерге енгізу – тәжірибені таратудың маңызды бөлігі.

Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы нәтиженің бөлінетін қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтінін айтты.

“Ұлытау облысының барлық бюджеті көлеміндегі қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астам қаражат тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде де қамтылмаған», — деді Әлихан Смайылов.

Аудиторлық қорытындыға сәйкес, жалпы алғанда НЗМ қаржыландыру механизмі қаражатты пайдаланудың ашықтығын, есептілігін және нысаналы сипатын қамтамасыз етпейді. Мектептерде іс жүзінде жүргізілмеген іс-шаралардың жоспарланғаны анықталды. 2019-2023 жылдары орындалмаған іс-шаралар көлемі шамамен 8 млрд теңгеге тең.

“Бұл ретте пайдаланылмаған қаражатты кейінгі қаржы жылдарына ауыстыру мүмкіндігі бюджетті жаңа жоспарлау кезінде әрдайым ескеріле бермейтін бюджет қаражаты қалдықтарының едәуір көлемінің қалыптасуына алып келді. Мәселен, 3 жыл ішінде НЗМ 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаражатты игермеген, ал банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ НЗМ өткізген сатып алулар бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 1 млрд теңгеден астам сомаға бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолдану, өтінімдерді негізсіз жіберу немесе қабылдамау секілді жағдайлар болған.

Бұдан басқа, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері және бөгде ұйымдардың коммерциялық ұсыныстарының негізінде тауарларды жоғары құны бойынша сатып алу фактілері анықталды.

Жалпы мемлекеттік аудит барысында:

274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар;

8,3 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау;

Шамамен 6 млрд теңгені тиімсіз пайдалану;

134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды.

Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов НЗМ нақты есептеулермен бюджеттен сұратылған барлық қаражатты негіздеуі қажеттігін атап өтті. ДБҰ-ға қойылатын талаптар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірдей болуы керек.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.