ЛГБТ-ның түнгі клубына айналдырған «Кино үйінің» қазіргі халі мүшкіл

0
213

Тәуелсіздік алғалы нарықтық қоғамның ырқына шыдамаған Киногерлер одағының «Кино үйі» бүгінде қаңырап бос тұр. Алматы шаһарының дәл жүрегінде орналасқан нысанның  барын дүйім жұрт ендігі ұмытып бастаған. 

Шакен Аймановтың идеясымен, Дінмұхамед Қонаевтың пәрменімен 1971 жылы ашылған бұл үй соңғы 10 жылдықта рухани азықтың мекені емес, жын-ойнақтың ортасына айналған. Мәселеге қатысты «қайтсек көненің көзін жаңғыртамыз» деген Одақ мүшелерінің базынасын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Кино үйінен — жын-ойнақ ордасына дейін

Шакен Аймановтан бастап Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов, Әкім Тарази, Рашид Нұғымановтар төрағалық еткен Киногерлер одағының «Кино үйі» Кеңес одағы ыдырағалы құты қашып барады.

Кейінгі басшылар ғимараттың комуналдық шығынын жаба алмай нысанды бөлшектеп сатып, қалғанын жалға беріп күнелткен. Ораз Рымжанов ғимараттың 40 пайызын сатып бастап, Максим Смағұлов тағы 20 пайызын жекенің қолына өткізіп, басқа басшылар қалған 40 пайызын жылма-жыл жалға беріп отырған.

Дегенмен кезекті басшы жас маман Ахат Ыбыраев тұсында киногерлер үйінің маңдайшасында «King club» жазуы жылт етіп, «Кино үйінен» қолда қалған 40 пайыз  бір сәтте түнгі клубқа айналып кеткен. Бұған дейін жалға берілсе де ара-тұра жиын-шаралар өтіп тұрған «Кино үйі» осыдан кейін жын-ойнақ ордасы атанған.

Осыншама қорлықтан шыдамы шегіне жеткен Киногерлер одағының мүшелері 2018 жылы кезектен тыс съезд өткізіп, Ғимаратты жалға алған кәсіпкерлерді сотқа берген. Іс  2,5 жылға созылып, нәтижесінде Қазақстан кинематографистер одағы жеңіске жетті.

Жеңіске жетуі жетті-ақ, бірақ киногер қауымы жемісті жұмыс бастай алмай әлі де әлек. Оған себеп ғимараттың қазіргі жағдайы.

«Ешбір сөзсіз барлық жағдай көзге көрініп-ақ тұр. Бұл да киногерлер үшін киелі мекен. Шакен Айманов бұл үйдің ашылуын көрмей кеткен еді.  Тарихи сәттерге толы киелі мекен. Біз енді осы ғимаратты жөндеуден өткізсек дейміз. 2 ай бұрын Айда Балаевамен кездестік.

Сонда министр ғимаратты киногерлер одағының символы ретінде қалдырамыз деді.  Елімізде бірде-бір мемлекеттік кинотеатр жоқ. Барлық дерлік кинотеатрлар жекенің қолында болғандықтан, отандық туындылардың тұсаукесерін жасау біршама қаржы талап етеді.

Егер осы ғимаратты қалыпқа келтірсек, халыққа қолжетімді кинотеатр пайда болар еді», — дейді Қазақстан киногерлер одағының қазіргі басқарма төрағасы Абай Әбділда.

Басқарма төрағасы ғимаратты жөндеуге кетер қаражатты есептеуге де қаражат керек екенін айтады. Десе де, өз ішкі есептерімен жөндеу жұмысы мен жиһаздарға 500-600 миллион теңгедей қаражат керек екен.

Ал, нысанды толық қайта сатып алып, жөндеу үшін одан көп сумма қажет болмақ. Абай Әбділда әзірге қолда бар ғимараттың 40 пайызын жөндеп алсақ тамаша болар еді дейді.

2 қабатты ғимараттың 40 пайызына: 1 қабаттағы үлкен зал және 2 қабаттағы үш бөлме кіреді екен. Соттан кейін жеңілген компания ғимараттың ішін талқандап, құжаттарды жарамсыз етіп кеткен екен.

Бүлінген архивтер

Бұл кабинетте біздің бірінші хатшымыз Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджан отырған. Менің өзім 1992 жылға дейін осында «Бюро пропаганды советского киноискусствада» 8-9 жыл директор болып қызмет атқардым. 1992 жылы Кеңес одағы құлаған кезде, біз киностудияға кеттік, мұнда бәрі жабылды.

Кейінгі басшылар бәрін сатты. Енді, астында осы зал мен мұндағы 2-3 кабинет қалды. Бұл жерде күнде кешкі 18:00 ден кейін кино көретін едік. Барлық кинотуындылардың тұсаукесері осында өткізілетін.

Басқа түгіл қазір өзіміз примерия жасай алмаймыз. «Кино үйінде» бұрындары халықаралық симпозиумдар,  “Еуразия-98” сынды кинофестивальдер өтетін. Қайран кездер-ай, —  деді киноматографистер одағының хатшысы Текеев Сатыбалды.

Текеев Сатыбалды «осындағы құжаттың бәрін бүлдірген түнгі клуб қызметкерлері» дейді. Дегенмен нақты есеп болмаған соң сотқа бере алмай отырғандарын жеткізді.

Уәдесі орындалмаған 5 министр, 3 әкім

2018 жылғы басшылық ғимаратты ЛЛБТ клубқа жалға берген. Олардан ғимаратты соттасып жатып әрең арылдық. Енді міне жасап кеткендерін көзбен көріп отырсыздар. 5 Мәдениет министрі мен Алматының осыған дейінгі 3 әкімімен де сөйлестік.

Олар көмектеспек ниеттерін білдірген. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай нәтиже болмай тұр. Сол үшін осынау шараны ұйымдастырып отырмыз. Мына ғимарат қазақ киносының жағдайын сипаттайды. Біз тырыстық, іздедік, жағдайы бар кәсіпкерлерді алып келдік.

Олар бізге 8 қабатты бизнес орталық салайық, соның  2 қабаты сендердікі деді. Бірақ біз қарсы болдық. Өйткені Шакенов атамыз іргесін қалап кеткен бұл ғимараттың өз киесі бар. Артымдағы суреттегі ағаларымыздан ұят.

Жетім баланы да асырайды ғой, сол секілді осыны да қолға алса, ғимаратты мемлекет меншігіне өткізсек деген ниетіміз бар дейді, — дейді киноматографистер одағының мүшесі Ерлан Төлеутай.

Аймандай болған Аймановтың ордасын бұндай хәлде көру кім-кімге болсын ауыр тиері анық. Асылдан қалған бұл ғимараттың мүсәпір кейпі шынындада қазақ киносының жағдайын сипаттайтындай.

Амалы құрыған киногерлердің тарихты сақтап қалу үшін ендігі сенері мемлекет болып тұр. Олар тек ғимаратты қалыпқа келтіруді ғана емес, ұлттық кинотеатрды қалыптастыруға шақырып отыр.

Фото интернеттен алынды.