«Әбу Ханифа — сәләф» дейді Қабылбек имам
Әлеуметтік желідегі келесі бір уағызында Әліпбайұлы Қабылбек имам қоғамдағы сәләфиттер мен уахаббиттерге қатысты қызықты дүние айтты деп жазады Democrat.kz.
«Сәләфит болып жүрген бауырлар, ол жолды тастаңыздар. Қазіргі сәләфилер бұрынғы уахаббистер. Сәләфиттен «сен уахаббистсің бе» деп сұрасаң, «жоқ, мен сәләфитпін» дейтін болған. Ал араб әлеміндегі ғұламалар кітап жазған, олар не дейді? «Қазіргі сәләфиттер бұрынғы уахаббиттер» дейді. Өйткені «уахаббизм» деген жаман аты тарқап кеткен соң, олар «сәләфит» деп аттарын өзгертті» дейді. Сәләфит, уахаббит — екеуі бір. Біреуі — ақ ит, біреуі — қара ит. Екеуі де тістейтін ит. Сен ешқашан сәләфи бола алмайсың. Сәләфи болуың үшін сен осыдан 14 ғасыр бұрын дүниеге келуің керек еді»,- деген Қабылбек имам пайғамбардың хадистерінен мысал келтірді.
«Дін бұзылса, кімнен сұраймыз деген сұраққа пайғамбар «менің сүннетіммен жүретін жамағатпен бірге болыңдар» деді. Міне, сондықтан сен сәләф бола алмайсың. Себебі сәләф деген 14 ғасыр бұрын өмір сүріп кеткен адамдар. Біз — мутәсалибпіз. Мутәсалиб деген — сәләфтардың жолымен жүрушілер деген сөз. Әбу Ханифа — сәләф, имам Тахауи — сәләф. Міне, біздің ата-бабаларымыз сәләфпен жүрді. Бізге жол тастап кетті», — деген имам фитнә шығармаңдар деп ескерту жасады.
Фото интернеттен алынды.