Қандастардың баласын мектепке алмау не сұмдық?

0
2155

Бабаларымның «түсі жылыдан түңілме!» дегені өтірік сөз екен. Жылы жүзі өтірік маскы,алдамшы нәрсе екеніне көзім жетті.Қайта «түсі суықтан түңілме!»деу керек сияқты.

Былтыр Алматыда курста екі ай бірге оқыған, күлімдеп тұрған жүзі сұмдық жылы, екі беті нарттай қызыл бір ауылдың апайы былтыр күзде аяқ астынан Алматыдағы белгілі бір интернаттың директоры болып кетті.

Кеше бір досым қытайдан келген туысының баласын қалаға мектепке кіргізсем, көмектерің керек деп сұрады. Менің есіме дереу әлгі апай түспесі бар ма? Жалма-жан хабарлассам» оны мен шешпеймін, тест тапсырады, өтсе қабылдайды! «деді.

Қуанып кетіп, әлгі досыма» барып, менің атымды айтып сөйлесіп, тест тапсырыңдар! «деп уәде бердім. Өзіме өте сенімді едім. Өйткені былтыр ылғи курстан қайтқанда жаңағы апай бар, екі үш мұғалімді саяхатқа дейін бір тиын алмай машинаммен ала кететінмін. Жақсылыққа жақсылық деп өзімше есебімді соғып қоям ғой!

Сөйткен адамым алыс ауылдан барған қандасымды есігінен сығалатпай қойған ғой! Хабарлассам» кім көрінгенге телефонымды бермеңіз! «деп жазып жіберіпті. » әй жағдай былай! «деп сөйлесем, жауап жоқ! Аналар екі сағат күтіп-күтіп қайтты. Досымның алдында жер болғаным-ай! Жыланды да аузына ақ құйып шығарады ғой, бұл неткен тексіздік деп бармағымды тістеп мен қалдым!

Осы жаздай» баламды мектепке кіргізіп берші, документімді бітіріп берші!” деп жалынған Қытайдан келген қандастарым өте көп болды. Баласын тұрғылықты жердегі мектепке кіргізейін деп барса қайыршы сияқты көреді дейді. Түрлі сылтау айтып, ұрсып қуып шығады екен. Соларға қолымнан келгенше зыр жүгіріп көмектестім.

Әй айналайын қаны бір жергілікті отандастарым! Не деген тасбауырсыңдар! Алаш деген бір атадан тараған бауырларың шетелде шет қақпай көріп, ең болмаса ұрпағымды аман алып қалайын деп, отан-анамыз маңдайымыздан сипайды деп мың бір қиыншылықпен алып келсе бұларың не?

Олар кәрі-құртаң, шал-шауқандар болса мейлі, риясыз жасөспірімдер ғой! Қытайдың озық оқу үрдісімен аз да болса сусындаған, қажырлы білім үйрену рухын сіңіргендер ғой!

Білесіңдер ме? Осы кездегі отандық мықты ғалымдардың тең жартысы жасөспірм кезде Қытайдан келгендер, олар отандық ғылым саласында ойып тұрып орын алғандар! Әлібек Ыдырысұлы, Jeksen Toktarbay, Seitkhan Azat, Аятжан Ахметжанұлы, Serik Muratkhan, Ұларбек Нұрғалымұлы Ularbek Daleiuly, төрелігін айтыңдаршы?!

Анау үш қайнаса сорпасы қосылмайтын орыс пен кәрісті, шешен мен дұңғанды ауыздарыңдағы нанды жырып беріп аман алып қалып, бауырларыңа басқан халық емес пе едіңдер?!

Әй оларға қарағанда мың есе жақын туысқандарың келгенде неге сонша тасбауыр болдыңдар! Немене сендер көбейгендеріңді, іргелі ел болғандарыңды қаламайсыңдар ма?!

Ана қандастарымның шаршаған жүдеген, үмітсізденген жүздерін көріп жүрегім қатты ауырды! Осы жазбаны жылап отырып жаздым!

Қайран елім-ай, бауырларым-ай! Не істеп бере алам сендерге! Мына кеудемдегі титтей жүрегім қан жылап бітетін болды ғой!

Омар ҚҰРМАШ, қоғам белсендісі, ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды.