«Экс-имамның сөздері шындыққа жанаспайды» дейді әріптесі (ВИДЕО)

0
536

Таяуда ғана Stan.kz. сайтына сұхбат берген бұрынғы имам Қанат Талғатұлының айтқандарына байланысты келесі бір имам қарсы уәжін айтты деп жазады Democrat.kz.

Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұловтың айтуынша экс-имам Қанат Талғатұлының өз сұхбатында «еліміздегі барлық мешітке түсетін ақшаның 30 пайызы мүфтиятқа жарна ретінде жолданады, ҚМБД имамдарға айлық төлемейді» деген сөзі шындыққа жанаспайтын көрінеді.

«Республика бойынша барлық мешіттерге бірдей түсім түспейді. Бұл туралы Қанат өзі де айтты. Қазақстан бойынша ондай мешіт саны өте көп. ҚМБД ондай мешіттен жарна алмайды. Қмбд-ға санаулы ғана мешіттен жарна беріледі. Екіншіден, ҚМБД-ның қажырлы еңбегінің арқасында көптеген имамға жалақы тағайындалған», — дейді Мадияр имам.

Өз сөзінде Мадияр имам бір ғана Алматы облысында 450-ге жуық дін қызметкері барын айтады. Сол дін қызметкерлеріне мешіттің қаржылық жағдайына қарай жалақы тағайындалған екен. «ҚМБД-ның қолдауымен 262 дін қызметкері мен «Үшқоңыр» медресе-коледжінің 20 ұстазы 100 мың теңгедей айлық алып отыр»,- деген ол дін жанашырларының демеуімен имамдар қосымша көмек алып отырғанын айтады.

Сөз соңында Мадияр имам экс-имам Қанат Талғатұлының айтқандары шындыққа жанаспайтынын, «имамдық қызмет ақшамен өлшенбейтінін, бұл рухани қызмет екенін» де ескертіп өтті.

Фото видеодан скринделіп алынды.