Білім сапасы ешқашан көтерілмейді, егер…
«Қоғам — сауатсыз, надан адамдарға толды» десе, бұрқырап ашуланатындар бар. Енді біреулер билікті кінәлап, өздерін ақтап, көңілдерін жұбататыны тағы бар.
Білім саласы — батпаққа батты. Қоғамның сауатсыздануы содан. Батқаны сондай, тыпырлаған сайын батып жатыр. Дәлел керек пе?
Дәлелді аспаннан, ауадан емес, осы білім саласындағы кісілер мен қалған санаулы сауатты ұстаздардың сөзімен келтіріп берейік.
ХХІ ғасырда 300-ден астам апатты мектебі мен үш ауысымда оқытатын мектептеріміз бар. Мұны басқа емес, министр Ғани Бейсембаевтың өзі айтқан.
Үш мыңнан астам мектеп талапқа сай материалдық-техникалық базамен жабдықталмаған.
Оқушыға ең бірінші қажет — оқулықтары жұлым-жұлымы шығып, ескірген. Талап бойынша, мектеп оқулықтары әр 5 жылда жаңартылып отыруға тиіс. Ал қазіргі оқулықтардың жаңартылмағанына 7 жылдан асқан.
Жалған дипломмен балаға «білім беріп» жүрген Түркістан облысында 500-ден астам, Маңғыстау облысында 100-ге жуық, Ақмола облысында — 12, Ақтөбеде — 34, Атырауда — 11, Қызылордада — 20… қысқасы, педагогикалық білімі жоқ мыңдаған мұғалім бюджеттен айлық алып, қаншама оқушыға «білім берген». «Гуглды» ашсаңыз, бүкіл деректер тұр.
Жалған дипломнан басқа, дайын дипломды сатып алып, мұғалім болып жүргендері қаншама! Қарапайым ғана мысал, педагогикадан хабары жоқ мұғалім алдында отырған 20-25 балаға қандай білім беруі мүмкін? Өзі түк білмесе, не оқытып, үйретеді ондай мұғалім?
Келесі мәселе — мұғалімдердің аттестациясы. Әр үш жылда мұғалімнің білімін тексеріп, біліктілігін арттыратын бұл аттестация — біреулердің қып-қызыл бизнесіне айналған. Бұл туралы білім саласының тәжірибелі ұстазы, білікті маман Сұлтан Сүлеев ашық жазды.
Аттестациядан ақша беріп өткен екі мұғалімді ұстап бергені туралы Жамбыл облысының білікті ұстазы Мереке Кенжебекова да айтты.
Democrat.kz. сайты да осы аттестация кезінде авторлық бағдарлама жасау, тесттен өткізіп беру сынды дүниелердің ашық жарнамамен бүкіл әлеуметтік желіде жүргенін бірнеше рет жазды.
Аттестациядан өткізіп берудің бағасы — 300 мың теңгеден басталып, соңы 1 миллион теңгеден асып жығылды. Тамыз айында бұл сауданың қызғаны сондай, кей мұғалімдер кредит алып, аттестациядан ақша беріп өтіп жатты.
Әлеуметтік желіде бұл туралы қаншама кісі жазды. Өкінішке қарай, тиісті мекемедегі көкелер «көрмегенсіп, естімегенсіп, білмегенсіп» отыра берді.
Ал енді білім саласы — коррупция бойынша бірінші орынға шығуын немен байланыстырасыз? Биыл мектеп бухгалтерлерінің ұсталу жылы болды десек, артық болмас. Бюджеттен бөлінген миллиардтарды асағандар бүгінге дейін көбеймесе, азаяр емес.
Мектепке пара беріп жұмысқа орналасу деген тізесі шыққан әңгіме болғаны сондай, қалыпты жағдайға айналды.
БжБ, ТжБ дегеннің бос далбаса екенін, түкке пайдасы жоғын да басқа емес, мұғалім айтты. «Оқушылар дайын тапсырмаларды интернеттен көшіріп береді. Мұғалім де соған баға қояды» деді Бақытжан есімді жас мұғалім.
Білім сапасының бұлай құлдырауына байланысты биыл «Мақсатты мектеп» деген бір жобаны министрлік іске қосты. Айтуларынша, осы жоба бойынша мұғалімдер білімін шыңдап, тест тапсырып, жаңа серпінмен оқушысына сабақ өтеді екен.
Бұл жоба еліміздің 943 мектебіне енгізілді. Содан не болды дейсіз ғой? Министрлік бұйырды деп директор, завучтар мұғалімдерді жүгіртті. Жүгірткенде, «тестті пәлен уақытқа дейін тапсыр» деп мұғалімге бұйырды.
Бастығының айтқанын орындамаса, белгілі, қыспаққа түседі. Мұғалімдер не істеді? Кейбірі шала-шарпы сабақ өткенсіп, енді кейбірі өтетін сабағын шетке ысырып тастап, компьютердің алдында отырды. Бұл туралы да Democrat.kz. сайты күн сайын мұғалімдердің өзімен хабарласып отырып, мақала жариялауда.
Бір тоқсан 943 мектептің мұғалімдері анда-бір, мында-бір шапқылаумен жүрді. Ал білім алуға тиіс оқушылар мектепке сандалып барып-келіп, босқа жүрді. Осы сөзімізге дәлел ретінде бірер күн бұрын ғана шыққан мақаланың сілтемесі — мынау.
Мұғалімдер тест тапсыруға кеткен. Оқушылар бос отыр. Оларды үйлеріне ерте жіберсе, тағы болмайды. Содан не істейді? Қай мұғалім бос, сол мұғалім әлгі бекерге отырған оқушыларды сынып бөлмесінде үйіріп, ұстап отырған.
Осындай жағдай бір тоқсан бойы жүріп, екінші тоқсанда жалғасуда. Демек, қаншама оқушы осынша уақыт бойы тиісті білімді алмады. Педагогтар жақсы біледі, бүгін өтілуге тиіс тақырып ертеңге қалса, ол тақырып жеткілікті түрде ашылып, тақырыпты жан-жақты түсіндіру өте қиын. Себебі білім бағдарламасында әр тақырыпқа арнайы сағат бөлініп, бекітіліп, мөрі қойылған.
Келесіде жаңа тақырыппен біріктіріп өте салам деу — өзіңді алдау ғана. «Заменаға» отырған мұғалім түсіндіре салады деу — бос далбаса.
Енді осында айтылған дүниелерді жинақтап, қорытайықшы. Мектеп ғимараты мәселесі, материалдық-базасы толық шешілмеген, үш ауысымда оқытатын, мұғалімдері аттестациядан ақшамен өткен, жалған және сатып алған дипломмен жүрген, БжБ, ТжБ дегенді оқушысы интернеттен көшіріп, тапсыратын, оқулықтары ескі, бухгалтерлері мен директорлары миллиардтап ақша жымқырып отырған елде білім сапасы туралы сөз ету мүмкін бе?
«Мұғалімдердің білімін арттырамыз» деп түрлі жобалар енгізгеннен пайда бар ма? «Мақсатты мектеп» жобасы секілді оқушы қараусыз қалатын болса, мұғалім тест тапсырумен шапқылайтын болса, ондай жобаларды шайнап, басқа жақса да, пайда бермейді ғой?!
Осылардың бәрінен Оқу ағарту министрлігі хабарсыз дегенге сенесіз бе? Әрине, ешкім сенбейді. Бәрінен хабары бар. Білдей министрлікте шікірейіп жүргендер ең болмаса, жаңалықтар ақтарып қарайтын шығар?!
Олай болса, неге осы проблемаларды шешумен айналыспайды? Кабинетте жабысып отыра бермей, бүкіл мектепті аралап, әр мұғалімді дипломынан бастап, сабақтарына қатысып, тексерсе, қаншама шаруа шешілер еді.
Ауыл-ауылды аралап, министрліктегілер жағдайды көзімен көрсе, кім кедергі?
Алайда біздің министрліктегілер креслосына қауіп төнсе ғана, қалаған жеріне ұшақпен барып, мәселені шешуге кіріседі. Бұл сөзімізге Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс мектебіне арнайы келіп, Ернұр Дәуеновтің өткізген жиынын айта аламыз.
Білім сапасы үшін тым алаңдап, «Мақсатты мектеп» жобасын енгізгендер неге ең болмаса, аттестация кезінде Сарыағаш, Шамалғандағы тест орталықтарына барып, сол жердегі жағдайларды көзімен көрмеді?
Білім сапасын арттыруды мақсат еткен екен, неге министрлік өкілдері 500-ден астам мұғалімі жалған дипломмен әшкере болған Түркістан облысындағы бүкіл мектепке тексеріс жүргізіп, қатаң бақылауға алмады?
Ернұр Дәуенов жоғарыда сөз болған жиында «ең бірінші орында — оқушылар маңызды» деп еді. Оқушы үшін алаңдаса, Оқу ағарту министрлігі батыста жүздеген бала мектеп асханасынан уланғанда, қайда қалды?
Мектеп асханасы мәселесін ақырын, жылы жауып қоя салды. Ал шындығында, бюджеттен миллиондар бөлініп жатқан сол асханаларда бүгінге дейін сіз бен біздің баламыздың денсаулығына зиян, арзан, ескі азық-түліктен жасалған иттің жуындысындай тамақтар әлі беріліп жатыр.
Осыдан кейін «білім сапасын арттырайық!», «балалар — біздің болашағымыз!» деген Оқу ағарту министрлігінің ұранды сөздеріне кім сенеді? Қазақстанның әрбір баласын елдің ертеңі деп санайтын министрлік оқушысына арам ас беріп, оқушысын апатты мектепте, үш ауысымда, ескі оқулықпен оқытпас еді.
Бірден айтайық, оқушының бұл жерде тамшыдай кінәсі жоқ. Бүкіл кінә мен күнә — үлкендердің мойнында.