«Сақалыңды аласың ба?»: Діндар Тасмағамбетов туралы жазба жариялады

0
1983

«Имекеңнен төрт жыл аяқ тартып, қорқып жүрдім» деген діндар Мұхамеджан Тазабек Иманғали Тасмағамбетов туралы жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

«2001-жылы мен Президент оркестрінде қызмет жасаймын. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Конгресс Холлда үлкен іс-шара өтетін болып, соған 5 елдің президенттері келетін болды.

Президенттік оркестрдің орындаушы — ақыны ретінде мен сол кештің бетін ашуым керек. Мерекеден бір күн бұрын концерттің басты дайындығы өтіп жатыр.

Соны премьер-министрдің орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы келіп, қарап отыр. Мен шығып, арнауымды ойдағыдай қылып айтып шықтым.

Біткен кезде Имекең микрофонды қолына алды да: «Мұқаш, тыңдашы!» — деді. «Иә, аға, тыңдап тұрмын» — деп едім, «Сен мына сақалыңды алып тастайсың ба?» — деді.

Ол кезде сақалым ұзын емес, әйтсе де, кішкене өсіңкіреп қалған. Имекең: «Егер сақалымды алмаймын» — десең, жарайды, өзің біл!

Бірақ онда өлеңіңді басқа адамдар жаттап, орындап шықсын!» — деп өте мейірімді дауыспен айтты.

Сосын мен ойлана келе «Алып тастаймын» — дегенге рухани дайын болмадым ба, білмеймін, принципке бардым ба, әйтеуір: «Иманғали аға, мен шықпай-ақ қояйын, өлеңімді өзгелер айтса айтсыншы» — деп едім, «Жақсы, бопты» — деді ағамыз. Бірақ «іштей толқып ұрсар ма екен?!” деп күтіп ем, ары қарай үндемеді.

Қасымда тұрған Ермек Серкебаев, басқа да үлкен кісілер:”Ай, енді, Имекең сені аямайды, қырына түсіп қалдың. Бекер қылдың, бала, көне салуың керек еді” деп біраз қорқытып тастады.

Ішімнен: «Қатты ренжіп жатса, ортаға, мені жақсы көретін Фариза апамды салармын, оған да көнбесе бір мәнісі болар» — деген оймен жүрдім.

Біраз уақыт қатқыл үкім қай жақтан келер екен деп, қауіптеніп жүргенім өтірік емес. Себебі, әжептеуір адамдар ескерту жасады ғой…

2005-жылы маған белгілі тұлғалар хабарласып: «Тимур Құлыбаев пен Иманғали Тасмағамбетов кіші қажылыққа бара жатыр, сен қасиетті Мадинадан қарсы алшы!» — деп өтініш қылды.

Мен де сол кезде кіші қажылықта жүрген едім ағаларды Мәдина қаласында күтіп ап бірге болдым. Пайғамбар (с.ғ.с) мешітіне зиярат жасап, бірге тамақтанып, біраз әңгімелестік.

Мен баяғы “ескертуді” ұмыта алмай, ағаның қабағына қарап, әлі де ренжулі ме екен деп ойлап, өзімше алаңдап жүрмін.

Байқаймын, ештеңе сезілмейді. Керісінше сақалымды байқамаған болып, жағдай сұрасып, елдік әңгімелерге тартып қояды.

Сосын бір көңілденіп тұрған сәтінде, ағама еркелей күлдім де, ойымдағыны айтып салдым:
”Аға, сіз маған қатты ренжіп қалды, енді аямайды деп еді, ұмытып кеткенсіз бе!”

Ол кісі таң қалды. Есіне әрең түсірді. Сосын, әлгі ағаларымыздың ескертуіне таң қалып:”Мұқаш, айтшы, айналайын, осы, қашан ел боламыз?!
Осы, азаматтардың ортасына от жаққанды қашан қоямыз?!
Ағалардың онысы несі, титтей балаға үрей салып?
Менің ойымда жоқ нәрсені әжептеуір әңгіме ғып айтып” деп, біраз бас шайқады.

Сосын, “жарайды, заман сендердікі ғой, осындай төмен әңгіме мен пендешіліктен барынша алыс болыңдаршы, қазақ бөлінгеннен, бір-бірін сөз қылғаннан қашан оңып еді” деп, кәдімгідей қоңырайып қалды. Ағамның ақ пейілін көріп, мен де жеңілдеп қалдым.

П-сы. Зымырап уақыт өтіп жатыр. Буындар ауысып, тұлғалар тарихқа айналып жатыр. Біз әлі сол — бос сөзбен езуіміз көпіріп, ғайбат пен өсек жазудан саусағымыздың ұшы жауыр болды…

Азаматты жамандап,
Асылды тапсақ — әулиеміз…
Қазанатты жамандап,
Қашырды мінген хәлдеміз…

Талқыланбаған тақырып, таланбаған тұлға жоқ. Аспан мен жердің арасын толтыратындай сөздер айтып тастадық. Пікіріміз құлаш, аузымыз лас, сараптауымыз шала, тұжырымымыз тұғырсыз боп кетті…

Баран дегеніміз қылаң боп шықты, шындық дегеніміз күмән боп шықты, түтін дегеніміз тұман боп шықты…

“Кет” деп айғайлап ек, кетік тісіміз ғана көрінді, “қалағаның” кеткенмен кесірің кеткен жоқ, қырсығың қиылған жоқ…
“Ыдырайды” деп айғайлап ек, тентек елдер ыдырамақ түгілі ықылық атып, мысы мұхиттан асып жатыр…

Сотталады дегендер сақталып жатыр, тапталады дегендер топталып жатыр, шашылды дегендер шаттанып жатыр…

Эмоцияны игермеген жерде даналық тұра ма?!
Әдемі әңгіме, сәтті сұхбат болмаса — дуалы ауыз, суық анализ, көреген болжамнан алыстап қалған қауым екенбіз…

Ұрыс-керіс, талас-тартыс, дау-дамайға кеткен уақыт — ең ысырап уақыт…

Саясатты Тоқаевқа тапсырып, дінді имамдардан үйреніп, батаны ата-анадан алып, махабатты отбасыңнан ғана іздеп, сүйікті ісіңмен айналысып, тұлғаңды дамытып, тыныш жүргеннен артығы жоқ…

Ел аман болсын, елдің тарихын жасайтын ерлер аман болсын!» деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Фото интернеттен.