2,3 трлн бөлінген «Жайлы мектеп» — жемқорлардың «майлы шелпегіне» айналған ба?

0
1570

Әлеуметтік желіде «Жайлы мектеп» жобасының қаржыларды қалай «жұтып» жатқаны туралы деректер шықты деп хабарлайды Democrat.kz.

Журналист Тоқтар Жақаш  өзінің парақшасында «Жайлы мектеп» жобасы жалмауыздар үшін «майлы мектепке» айналды» деп, осы жоба үшін халық қаржысының қалай талар-таражға түсіп, жемқорлардың өңешінен өтіп жатқанын жазды.

«Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 2,3 трлн теңге бөлген еді. Қаржының өз мақсатында тиімді жұмсалуын ҚР Қаржы бақылау агенттігі мойнына алған.

Бірақ бақылау шабан ба, әлде, келісім бар ма, білмедім, «Жайлы мектеп» ерінбеген жемқорға «майлы мектепке» айналып барады.

Мәселен, мына бір компания «Жайлы мектептің» тек қана электр құрал-жабдықтарын түріктердің TEKLED компаниясынан прайс-листте көрсетілген бағадан 30 пайыздан астам қымбатқа сатып алған.

Мына есеп-шоттың бірінші бөлігінде 12 млн 422 мың 483 теңге — өсіре көрсетілген баға. Нақты прайс бойынша құны — 8 млн 760 мың 197 теңге! Үстіндегі айырма 3,5 млн теңге!

Яғни, түріктердің TEKLED компаниясы не біздің жемқор компаниялармен ауыз жаласқан немесе үстеме баға қосып, қымбатшылықты қолдан жасап жатыр.

Меніңше, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асуын қадағалайтын өте бір жайсыз мекеме қажет! Оның үстіне, түріктердің мына компаниясы жан-жақтан тексерілуі керек!

Бұл көзге түсіп қалған электр құрал-жабдықтарындағы былық қана. Ал құрылыс материалдары, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін.

Егер, «Жайлы мектеп» ертеңге салынған басты инвестициямыз екені рас болса, жобаның жүзеге асу барысын қоғам болып қадағалауымыз қажет!» деп жазды журналист. Мұнан бөлек ол жұмсалған қаржы туралы (төменде) құжат суретін де жариялады.

 

 

 

 

 

Дәл осы тақарыпқа қатысты экономист Сәбит Рысбай да:

«Бүгін түріктердің Tekled компаниясы мен Жайлы мектептер арасындағы келісімде Tekled бағаны 30-40% қосып сатқан деген ақпарат шықты ғой. Өзім осы жерде 8 жыл жұмыс істегенмін. Адам болған соң кемшіліктер болады.

Еңбек кодексінде жұмыс сағатын аптасында 40 сағаттан асырмау деген сияқты заңдарға түріктердің түкіргені бар еді. Жарайды ол бөлек әңгіме. Ол жақтан кеткеніме 3 жыл болса да бір ауыз жаман сөз жазбағанмын.

Бірақ мына «Жайлы мектептерге» бағаны асырып сату дегені ұят енді. Жай күнде мұсылманбыз дейді. Ақшаға келгенде мұсылмандық қайда қалды?

Неге жемқорлармен түріктер ауыз жаласып алған. Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Астана бәрінде осы бір схема кетіп жатыр. Бағаны қымбат алады. Жайлы мектептер де ақымақ емес. 100 теңгенің затын 140 теңгеге сатып алып жын ұрып па? Бірақ үстіндегі 40 теңгені налмен алып кетеді.

Бұрында мен жұмыс істеген кезде мемлекеттік мекемеден келген бір сатып алушы 1.5 миллион теңгенің тауарын накладнойға 10 миллион қылып жаздырған болатын.

Үстіндегі ақшасының салығын қалдырып қалғанын налмен алып кетті. Жалпы осындай жемқорлық жүйеге батыс елдерінің компаниялары жоламайды. Бірақ түріктер жасай береді. Неге олай?

Самұрық Қазынаның «Жайлы мектептеріне» байланысты келісім шарттарын алып қараса көбінде осы схема. Бұл тек жарық жағы. Басқасы да осы. Tekled компаниясы мен «Жайлы мектептердің» келісімдерін алып майшаммен қарау керек.

Мынау енді ұят нәрсе. Ұрыны қарақшы тонайды деп сыртқа кеткен активтерден қайтқан ақшаны Жаңа Қазақстан тонап жатыр ма?» — деп жазды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.