«2030 жылы соғыс болады» деген депутат қорғаныс саласына бөлінген қаржыны сынады

0
124

Бүгін мәжілісте қаржы министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырып келді. Депутаттар әр салаға бөлінген ақшаның тиынына дейін санап, пікірталас тудырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәселен, Ермұрат Бапи бюджеттегі тапшылыққа қынжыла келе, бұл қаражат кепкен тулақ сияқты, таласқа салынып жатқанын айтты.

«Тапшылық! Кепкен тулақ сияқты дүние ғой. Ешкінің кепкен терісі сияқты, былай тартсаң, былай жетпейді, былай тартсаң, былай жетпейді. Екі жаққа тартсаң жыртылып, айырылып кетуі мүмкін. Дегенмен, егер  біз геосаяси тәуекелдерді есепке алсақ, осы тапшылықтың бәрі түкке тұрмай қалады. Сондықтан, мен Ұлттық экономика министрлігінен сұрайын дегенім – қорғаныс саласына бөлінген сома туралы. Жалпы ішкі өнімнің қанша бөлігін қорғаныс министрлігіне бөліп отырсыздар? – деп сұрады Бапи.

Бұған дейін республикалық бюджеттің болжамын таныстырған қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 109 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн. теңге көлемінде жоспарланып отырғанын айтқан еді.

«Биыл бюджеттің 0,8 пайызы, келесі 0,4 пайызы бөлінеді дейсіз. Қаржыландырудың түрі осы ма? Біздің мамандардың болжамы бойынша 2030 жылы соғыс болады. Сондай тәуекел бар. Осындай жағдайда біздің қорғаныс саласына небары 0,4 пайыз бөлу дегенімізді қалай түсінеміз?  Келісіп алғансыздар ма? Қайдан шыққан есеп бұл? Біз бұл мәселені жайына қалдырмаймыз», – дейді Ермұрат Бапи.

Фото интернеттен алынды.