31 желтоқсанды — демалыс күні деп жариялады
Мәжіліс депутаттары Үкіметтен қанша жерден сұрап, қанша күш салса да, еш нәтиже шығара алмай, ақыры Қазақстан жалғыз қалды. Аймағымыздағы өзге елдерде 31 желтоқсан – демалыс деп жарияланды. Сондай-ақ ұзақ «жаңажылдық каникулдар» айналамызда жаппай енгізілуде. Соңғы болып, Өзбекстан да осы ізгі үлгіге көшті.
Sauap.org ағартушылық порталының хабарлауынша, ҚР Еңбек министрлігі бекіткен өндірістік күнтізбеге сәйкес, қазақстандықтар Жаңа жыл мерекесінде 4 күн ғана демалады: 1, 2, 3, 4 қаңтарда.
«Жаңажылдық мейрам Қазақстанда ресми түрде 1-2 қаңтарда ғана атап өтіледі. Ал, 3 қаңтар жұмаға тұспа-тұс келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың демалысын ұзарту үшін таяуда өз бұйрығымен бұл жұмыс күнін жексенбі, 5 қаңтарға ауыстырды. Осылайша, 5 күндікте жұмыс істейтіндер 1-ші қаңтардан, сәрсенбіден – 4-ші қаңтарға, сенбіге дейін демалады. Алты күндік жұмыс кестесімен істейтіндер тек 1-3 қаңтарда, үш күн тыныға алады», – деп хабарлады Sauap.org.
Қазақстан сондай-ақ православ Рождествосына да мемлекеттік мереке мәртебесін берді. Тиісінше, 2025 жылғы 7 қаңтар, сейсенбі де демалыс болады. Есесіне, оның алдында, 5 және 6 қаңтарда жұмысқа шығуыңыз қажет.
Егер Еңбек министрлігі қазақстандықтардың шынымен жақсылап тыныққанын қалағанда, онда өзге көршілеріміз сияқты 31 желтоқсанды да демалыс күні деп бекіте алатын еді. Сондай-ақ 5, 6 қаңтарды соған қосқанда, қазақстандықтар 31-7 қаңтар күндері, 8 күн бойы жаңажылдық каникулдан ләззат алып, жаңа 2025 жылға тың қуат жиып, қажырлы және жігерлі кірісе алатын еді.
Ондай мүмкіндік бермеген соң, азаматтарды үзіп-жұлып демалуға мәжбүрлеп, жылдың алғашқы жұмыс аптасын «құн-жын» қылғалы тұр.
Осы кезде Өзбекстан өз тұрғындары жаңажылдық мерекелерді асықпай, шаттықпен тойлай алуы үшін тағы 1 күн демалыс қосты.
Өзбекстанда 5 күндік жұмыс аптасымен істейтіндер үшін 2025 жылғы 4 қаңтардағы, сенбідегі демалыс күн – 2 қаңтарға, бейсенбіге көшірілді.
Ал, 6 күндік жұмыс аптасымен істейтіндер үшін 2 қаңтар – қосымша демалыс күні деп жарияланды. Нәтижесінде, Өзбекстанда біріншілері – 6 күн, екіншілері – 5 күн қатарынан демала алады.
Бұл туралы Өзбекстанның Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жерде түсіндіре кететін жайт, өзбек ағайындар жылдың басты зайырлы мерекесін бұл жолы 28 желтоқсаннан бастап атап өтуге кіріспек.
Өзбек ағайындар Жаңа жылда негізінен, 6 күн бойы, яғни, келесі күндерде демалатын болды:
- 28 желтоқсан – сенбі болғандықтан, 5 күндік жұмыс аптасындағы жұмысшылар үшін онсыз да демалыс күн. 6 күндік жұмыс аптасындағыларға әдеттегідей жұмыс күні.
- 29 желтоқсан (жексенбі) – барша халық және мекемелер үшін демалыс күн.
- 30 желтоқсан (дүйсенбі) – қосымша демалыс күні болады.
- 31 желтоқсан (сейсенбі) – қосымша демалыс күн.
- 1 қаңтар (сәрсенбі) – мерекелік демалыс күн.
- 2 қаңтар (бейсенбі) – көшірілген қосымша демалыс күн.
Сонымен, Өзбекстан тұрғындары өз тарихында алғаш рет «жаңажылдық каникулға» шығатын болды.
«Балалардың қуанышында шек жоқ. Бұл жаңалықты ести сала, отбасылық кеңесте осы каникулдың бес күнін Өзбекстан бойынша саяхаттауға арнауға шешім қабылдадық. Сондай-ақ мерекелік іс-шараларға қатысуға да уақыт қалады. Бұл күндері бизнеске ебі бар пысық адамдардың да табысы артатын болды. Мысалы, бұған дейін Ташкентте, ірі қалаларда мерекелік қойылымдар мен кештер негізінен 31 желтоқсан мен 1 қаңтарға ғана жоспарланған еді. Енді оларын бес күнге дейін соза алады. Ел басшылығының бұл қадамы дұрыс болды. Демалыс күндерінің арасында қалған бір-екі жұмыс күнінде жұрт бәрібір жұмыс істеп жарытпайтын еді», – деді Ташкент тұрғыны Имронбек Баходиров.
Оның айтуынша, бұрнағы жылдары өзбекстандықтар бұл мерекеде тек 31 желтоқсан мен 1 қаңтарда ғана демалыпты. Содан соң 2 қаңтардан бастап, жұмысқа шығуға мәжбүр болатын. Енді оларға жаңажылдық толыққанды каникул беріліп отыр.
Қырғызстан Министрлер кабинеті де ел тұрғындарына «жаңажылдық каникул» сыйлады. Үкіметтің шешімімен, қырғыз ағайындар 31 желтоқсаннан бастап, 8 күн бойы демала алады.
Бұл ретте 2025 жылғы 1-7 қаңтарды демалыс күндеріне айналдыру үшін Министрлер кабинеті келесідей «қулыққа» барды:
«2025 жылғы 1 және 7 қаңтар (қоса алғанда) аралығы демалыс күндері деп бекітілсін және көшірілсін:
- 2025 жылғы 11 қаңтардағы демалыс күн – 2025 жылғы 2 қаңтардағы жұмыс күніне,
- 2025 жылғы 24 ақпандағы демалыс күн – 2025 жылғы 3 қаңтардағы жұмыс күніне,
- 2025 жылғы 10 наурыздағы демалыс күн – 2025 жылғы 6 қаңтарға көшірілсін», – делінген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысында.
Ресейліктер де мерекелеуге 31 желтоқсаннан толыққанды кірісе алады. Одан кейін солтүстік көршінің тұрғындары келесі жылдың алғашқы айының екі аптасына жуығын қалпымен демалумен өткізеді. Соның ішінде, Ресейде 2025 жылдың 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 11, 12 қаңтары – «жаңажылдық каникулға» айналды.
Осыған қол жеткізу үшін Ресей Еңбек министрлігі тіпті демалыс күндерін көшіріп те жатпады. Жай ғана осы күннің бәрін демалыс деп жариялай салды.
«Биылғы жылы еңбеккерлерді «сүйкімді сюрприз» күтіп тұр: олар жыл басында жұмысына асықпай, байсалды қалыппен, тынығып орала алады. 2025 жылдың бірінші жұмыс аптасында ресейлік жұмысшылардың тіпті де жаны қысылмайды. Өйткені 9 және 10 қаңтарда ғана жұмыс істеу керек болады. Содан кейін сенбі мен жексенбі келеді. Яғни, бұл жолы мерекеде барынша демалып, толыққанды еңбек кестесі алдында күшін қалпына келтіруге мүмкіндік алады», – деді РФ президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясының (РАНХиГС) Әлеуметтік талдау және болжау институтының сарапшысы Марина Лопатина.
Оның пікірінше, Ресейде енгізіліп отырған бұл жаңашылдық көптеген азаматқа ұзақ мейрамнан кейін жұмыс ырғағына бейімделуге көмектеседі.
Ресейлік ақпарат құралдары біраз кәсіпорындар, бизнес нысандары және мемлекеттік мекемелер биыл 28 желтоқсанға дейін ғана жұмыс істейтінін ескертуде. Тиісінше, іргесіндегі соғыс өртіне қарамастан, ресейліктердің көбі «ұзақ демалыс пен шаттыққа әзірленуде».
Сондықтан сарапшылар ресейліктерге ағымдағы жұмыстарын, жобаларын, несиелерін өтеуін және басқа шаруасын осы апта соңына дейін аяқтауға кеңес береді.
Қорыта айтқанда, барлық дерлік көршілеріміздің тұрғындары «жаңажылдық мерекеге» асығыс-үсігіс, қауырт емес, еш аптықпай, салмақты дайындалуға мүмкіндік алады.
Қазақстандықтар ғана 31 желтоқсанда жұмысқа шығып, жұмыс күнінің аяқталуын асыға күтеді. Содан соң жаппай көшеге тұра ұмтылып, көліктерімен көшелерді кептеліске тығындайды, автобустарды лық толтырады.
Қысқасы, дастархан жаю, тамақ әзірлеу, қонақ күтуге даярлану, үсті-басын сәндеу, сыйлық алу және басқа барлық шаруасына бірер сағатта үлгеріп қалу үшін елдің шашы ағарып, жүйкесі жұқарып, сілекпесі шығады. Жылда қайталанатын «бір кем дүние».
Ең құрыса, келесі жылы Үкімет Қазақстан халқына аяушылық пен қайырымдылық танытып, жаңажылдық каникул берсе, құба-құп болар еді.