Абай өз туындыларын қазақ тілінде жазбаған дейді абайтанушы

0
506

Шымкенттік абайтанушы ғалым Ақжол Қалшабек Абай Қара сөздері бар екенін өзі де білмейтінін, себебі ол басқаша аталғанын айтты. Өйткені, оның сөзіне сенсек, ақын туындыларын қазақ тілінде жазбаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Абай өз еңбектерін шағатай тілінде жазған

Ontustiktv.kz телеарнасы мәлім еткендей, Абай өлеңдері мен Қара сөздерін қазақ тілінде жазбаған. Алғаш естігенде есеңгіретіп, таң қылған тың ақпаратты шымкенттік ғалымдар растап отыр. Айтуларынша, Хәкім Абай өз еңбектерін біз оқып жүрген нақышта емес, түркі халықтарына ортақ – шағатай тілінде жазған. Түпнұсқаның тайқып, бізге құбылып жетуі – кеңес саясатының қысымынан дейді зерттеушілер. Өйткені Абай шығармаларының түпнұсқасы діни элементтерге толы болған.

Ғалымдардың зерттеуінше, Хәкім Абай тұтас шығармашылығының басым бөлігін дәп осы шағатай өрнегінде жазып қалдырған.

«Баһра, Хәттә, Иттихад, Хикмат, Хайат, Кәлләм»

Бұл – Хәкім қолданған сөздер. Ақжол Қалшабек – абайтанушы ғалым. Ойшыл мұрасын зерттеп, насихаттаумен келеді. Оның қолындағы парақ – Абайдың жеке хатшысы Мүрсиіт Бікіұлының түпнұсқа қолжазбасы. Зерттеушілер бұл байламға осы жазбаға үңіліп, зерделеу арқылы келген. Тақырыпты терең қаузаған ғалым шәкірті Әзімханмен бірге арнайы кітап даярлапты. «Әуезов һәм Абай» аталатын ол оқулықта Хәкім шығармаларының түпнұсқасы мен қазір біз оқып жүрген түрі салыстыра қаралады.

Әбдіраһманға жазған өлеңі. Түпнұсқадан оқиын. «Я худай бере гор, тілеген тілекді. Қорықпай орнықтыр, Чочыған юректі». «Ш» әрпінің орнына «ч»-ны қолданады. Шошыған демейді, чочыған жүрекді. «Т»-ның орнына «д»-ны қолданады, — дейді абайтанушы Ақжол Қалшабек.

Қара сөздер – «Ақыл и китаб»

Оның айтуынша, қара сөздері барын Абайдың өзі білмейді. Өйткені Абай шығармашылығында «Қара сөздер» деп аталатын еңбек жоқ. «Ақыл и китаб» деп аталатын ой-толғамдары 45 емес, 41 болған дейді зерттеуші. Ал шағатай өрнегі түркі халықтарына ортақ байланыс тілі болған.

Біздің бүкіл хандардың хаттарын оқысаң… Кенесарыны оқисың ба, Абылай хан ба, бәрі осы тілмен жазған. Сөйлескенде қазақша сөйлесе беруі мүмкін, бірақ хат жазғанда шағатай тілінде жазған. Неге? Себебі ол қалыптасқан дәстүр болған. Ерекшелігі – оны өзбек те, қазақ та, қырғыз, түрікмен, татар да оқи береді, — дейді Ақжол Қалшабек.

Фото дереккөзден алынды.