Адам өлетінін анық сезеді
Өміріміз түрлі тылсымға толы ғой. Сол тылсымның сырын аша алмай, кейде адамдар адасып жатады. Енді біреулер сәуегей, көріпкел болып кететіні де бар.
Сондай тылсымның бірі — адамның өз өлімінің жақындағанын сезуі. Қазақта «бой жазу», «бой жасау» дейді мұны. Ал ғылымда адам миы соңғы күндері екенін ақырындап білдіре бастайтын қасиеті болатынын айтады.
Осы жасыма келгенше, бірнеше кісінің өлетін күнін алдын ала сезіп, соған дайындалғанын көрдім.
Апам жарықтыққа 18 маусым күні бардым. Бір жерім ауырды демейтін кісі еді. Бақша жақта жүр екен. Мені көріп, бері келді.
«Бақшаны түгел арамшөптен тазарттым. Біраз күнге дейін ол жаққа қарауға мұршалары келмейді ғой. Мына бөстекті саған дайындадым», — деді. Түсінбедім.
«Апа, тұрмысқа шығамын, тамыз айында»,- дедім. Басын шайқап: «Келесі жылы шығасың. Сенің тойыңа қатыспаймын» деді.
«Сіз келмесеңіз, той болмайды» дей бергенімде «бүгін осында қал. Немерелерімнің ортасында шүйіркелесіп отырайын» деді.
Сол күні түнгі 12-ге дейін апам қазақтың әдет-ғұрпы, салт-санасы туралы өзі білетін дүниелерді тынбай айтумен болды. Соңында: «Енді ұйықтаңдар. Таңертең ертең тұрасыңдар. Мендей апаларың болғанын ұмытпаңдар» деп бәріміздің маңдайымыздан иіскеп, сүйді.
Таңертең ойбайлаған дауыстардан ояндық…
Келесі оқиға әкемнің жетісін беріп жатқанда болды. Ас беріліп, бата жасалған соң, әкемнің інісі ортаға шығып: «Уа, ағайын, туыс, бауырлар! Сіздердің біріңізді ренжіткен болсам кешіріңіздер» дегеніне аса мән бермедік.
Алайда жұрт аяғы сиреген сәтте әкемнің інісі: «Көкем кеткен ауылға жол түсіп тұр. Бауырларыңа көз қырыңды сала жүрерсің» деп қолымды қысты. «Көке, қойыңыз, қайдағыны айтпай» дей бердім сасқанымнан.
Ертесіне таң атпай көкемнің бақилыққа аттанғанын естідік.
Бір қызығы, жоғарыда сөз болған апам да, көкем де өлетіндерін анық білді. Бала-шаға, немерелерімен, көрші-қолаң, ағайын-туыспен кәдімгідей қоштасты. Тіпті жаназаларына да дайындалды.
Әлі күнге дейін осы бір тылсым дүниенің сырын ұқпадым. Сізде осындай жағдайлар болған ба?
Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.