АЭС салынуына қарсы шыққандар қамалды

0
168

Қазақстандық белсенді Абзал Достияр Алматыда атом электр станциясының салынуына наразылық білдірген бес адам екі айға қамауға алынғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Белсендінің сөзінше, қамауға алынғандар арасында Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов бар екен.

«Жексенбіде ұсталған алты белсендіні кеше сағат 22.00 шамасында екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Алтыншы адамның аты-жөні белгісіз. Ол Ерболат Әубәкіров болуы мүмкін. Ол да жексенбі күні ұсталған секлді. Өйткені онымен байланысу мүмкін болмай отыр», – деп жазды Абзал Достияр Facebook парақшасында.

Қамауға алынғандардың үшеуі қарт, ал Нұрлан Темірғалиевтің денсаулығында ақау бар.

“Алматыда жексенбіде АЭС салуға қарсылық білдірген 12 белсенді ұсталды. Олардың алтауы өз арыздары бойынша босатылды. Полиция қаулысында белсенділердің, республикалық маңызы бар қалаларда “күш қолдану, қирату, өртеу, бұзу, мүлiктi жою, атыс қаруы, жарылғыш заттар немесе жарылыс құрылғыларын қолдану, билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсету”, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырғаны жазылған», – делінген “Власть” сайтында.

Qaharman қорының ақпаратына сәйкес, бейбіт митингі өткізу туралы 11 қалада 44 және Риддерде бір өтініш түскен. Жалпы 12 қалада барлығы 45 өтінішке бас тарту туралы хабарлама келді.

Сондай-ақ «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямова Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы тақырыпта, көшеде сауалнама жүргізгені үшін сотқа берілген.