Айдос Мелдеханның әйел кісіні соққыға жығып өлтіргені рас па?

0
119

9 қараша күні Алматыда әскери сот қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты талқылауды аяқтады. Сотта прокурор Айдос Ақберген айыпталушы әскери қызметкер Арман Жұманды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Аталған оқиғадан кейін редакциямызға қаңтардағы істі қудалаған Айдос Мелдеханның кісі өлтіргені туралы дерек келіп түсті. Тілшімізге марқұмның әжесі мән-жайды баяндап, ел алдында жүрген белсендінің өткеніне қатысты ақпараттармен бөлісті, деп хабарлайды Democrat.kz. Бұл туралы Ozgeris.kz сайтындағы материалда айтылды. 

22 жастағы Алевтинаның өліміне Айдос Мелдеханұлының қатысы

Алевтина Чембарова – 1984 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. 8 жасынан бастап әжесі Галина Ивановнаның тәрбиесінде өскен. Әжесінің айтуы бойынша зерек, алғыр, пысық, іске бейім жан болған. Оқу бітірген соң сауда ісімен айналысып Түркия елінде тауар сату кәсібін жүргізген. Сол елде жүріп өзінің адамын жолықтырып, екі ел арасында жұмыс бабымен жиі қатынайтын.

Галина Ивановнаның айтуынша, немересі бес тілде: қазақ, орыс, өзбек, түрік, ағылшын тілдерінде сөйлейтін.

Айталық, қайғылы оқиға 2006 жылдың қыркүйек айында орын алған. Алевтинаның Түркияға соңғы сапары сол жылдың 6-қыркүйегінде болды. 13-14 қыркүйек күндері Қазақстанға тауар алып қайта оралған оны Айдос Мелдеханұлы такси қызметінде Шымкент қаласына 100 долларға жеткізбек болып келіседі. Галина Ивановнаның (әжесі) айтуынша, Алевтинаның сөмкесінде жігіті берген 5 мың доллар қаражаты және өзінде тағы 1200 доллар ақшасы болған. Айдос Мелдеханұлы бұл туралы білген және Чембарованың өзіне отыруын алдын-ала жоспарлаған дейді. Түнгі сағат 1:00 шамасында көлікке отырған Алевтина сол күйі үйіне оралмаған.

Чембарова қалай өлтірілді? Әжесінің версиясы

2007 жылғы 13 қыркүйекте шығарылған үкім бойынша Чембарованың мойын бөлігіне қылқындыру арқылы күш көрсетіліп, соққы жасалғаны белгілі болған. Ресми құжатта Чембарованың мәйітін қарау кезінде дене жарақаттарында басына  қан құйылу және бет пен мойынның сындырылуы түрінде белгілер анықталғаны жазылған.

Галина Ивановнаның сөзінше, Алевтинаны екі адам бірігіп өлтірген:

«Аля сондай сұлу болатын. Сондай әдемі қыз еді. Үкімде ол көлікте жалғыз болып, алдыңғы орындықта отырған деп жазылған. Оның өлімінен кейін екі жылдан соң оның жолаушылардан жалғыз болмағанын білдім. Көліктің артқы орындығында тағы біреу отырған. Немерем ұйықтап қалған соң, әлгі Мелдеханұлы оны ұнатып қалып арам оймен қызды ұрып жіберген. Аля есінен танып қалады. Әлгі еркек жыныстық қатынаспен айналысуға ұсыныс білдірген. Немерем оған сөз қайтарып, қарсы шыққан. Қасындағы адам екеуі соққыға жығып, зорлаған. Олар екеу болған. Ал үкімде тек бір адамның аты ғана аталады. Мелдеханұлының әкесі подполковник. Мықты таныстары бар еді. Бізге тіпті арызды қайтып алсын деп ақша ұсынды. Маған көлік беремін, арызыңды қайтар деген еді. Нағыз оңбаған адам ол. Туған шешесін ақшаға сататын адам» — деді ол.

Сондай-ақ Галина әжей қыздың денесін екі адам екі жағынан сүйреп апарып тастағанын айтты. Мұны көрген куәгерлер барын қоса кетті. Меркі маңындағы кафелердің маңында оның денесін екі жақтан сүйреп апарып тастап, бар мүлкін, ақшасын, телефонын тонап кеткенін айтты.

«Олар немеремді есірткі қолданды, жезөкше деп те айыптады. Қайдағы есірткі, қайдағы жезөкшелік? Ол білімді, оқыған азамат еді. Жезөкше болатын болса неге оның ұсынысына келіспеді? Бәрін немереме жаба салғылары келді», — деп қосты Галина Ивановна.

Сот ісі қалай жүргізілді?

Сот шешімімен арнайы экспертиза тағайындалып, марқұмның денесі зерттелген. Үкім құжатында көрсетілген деректерге сәйкес денесіндегі жарақаттары бойынша  А.Чембарованың  мәйітін қарау кезінде мойын мүшелерінің жабық зақымдануы түрінде, мықын сүйегінің оң жақ мүйізінің, үлкен сүйектің оң жақ табақшасының айналасындағы жұмсақ тіндерге қан құйылуы, мойын аймағынан бөгде адамның қолы және қатты заттың әсерінен соққы болған аймақта гематома белгілері байқалған.

Сот үкімі бойынша Мелдеханұлы Айдос Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігімен (Зорлау) қылмыс жасауға қатыстылығының дәлелдемелерінің болмауына байланысты ақталды.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабының 1-бөлігі бойынша — он бір жыл бас бостандығынан айыру, ҚР ҚК 175 баптың 1-бөлігіне сәйкес — екі жыл бас бостандығынан айыру,  барлығы он екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтелсін» — делінген үкімде.

Жазаны өтеу мерзімі 2006 жылдың 23 желтоқсанынан бастап есептелді.

Қылмыс тергеушісі жағдайға қатысты не айтты?

Мелдеханұлының ісі бойынша жауапты болған Наманаев Архат жағдайға қатысты тілшіміздің бірнеше сұрағына жауап берді. Ол тергеу істері кезінде Чембаровадан зорлық жасау әрекеттері байқалмағанын айтты:

«Тергеу ісі кезінде барлық оперативті шараларды жүзеге асырдық. Нәтижесінде ешқандай зорлау фактісінің байқалмағанын және екінші адамның қылмысқа қатысы жоқ екендігін анықтадық. Соған сәйкес, ұрлық және зорлау фактісі негізінде жаза тағайындалды. Мелдеханұлы бастапқыда қылмысынан толық жалтарды. Мойындамады. Бірақ барлық айғақтар дәлелдемелер келтірілді» — деді Архат тергеуші.

Естеріңізге сала кетейік, Айдос Мелдеханұлы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан қызы Айкөркемнің өлімін бизнеске айналдырып, мемлекеттен ақша өндіріп алғаны туралы Сағын Серіктің жазбасы жарияланған еді. Мелдеханұлы қызының өлімі үшін мемлекеттен бірнеше көмек алған болатын. Бірінші «Қазақстан халқына» қорынан 13 млн теңге компенсация алды; екінші су жаңа көлік мінді; үшіншіден демеушілер барлық несиесін жапты; төртіншіден ескі пәтеріне жөнедеу жұмыстарын жасап берді; бесінші көмек үш бөмелі пәтер алды (құны 50 млн тг).