Әйел өз бағасын білсін десеңіз…
Әр жұма қыздарыма гүл алып келем. Бұлжымас дәстүрім. Қыз баласы кішкентайынан еш себепсіз сыйлық алып, әкесінен көп мақтау-комплимент естіп өскені ләзім, деп жазады журналист Нұрбек Бекбау Facebook парақшасында.
«Өйткені, қыз — сенің жұмағыңның қақпасы. Жәннатыңа кепіл екен, періштелерің көңілін хош ет, әр күнін бақытқа толтыр.
Сосын кішкентайынан әкесінен мақтау естіп, еш себепсіз марапат алып өскен қыз, өз бағасын білетін болады. Бұл өте маңызды!
Өкінішке қарай, жігіттен артық мақтау естісе – есі кетіп, ол мені шын сүйеді,-деп сеніп қалатын, сыйлық алса — өзін сол кісіге міндетті сезініп қалатын қыздар көп.
Проблема сол, қаршадайынан өз әкесінен жылы сөз естімегеннен, қарыштап сыйлық алып көрмегеннен туады ғой,-деймін?! Өз ойым…
Қыздың болдың — жәннат қақпасы көрінді. Қызды бақытты етіп өсірдің — жұмақ қақпалары қақырап өзі ашылады»,-дейді журналист.
Бұл жазбаға қатысты пікір білдірген қауым, қызға мұндай құрмет көрсету-болашақ рухы мықты әйел болуына зор ықпал ететінін айтады.
Ал сіз қалай ойлайсыз? Қызымыз өскенде өз бағасын білуі үшін қазірден сый-сияпат көріп өсуі керек пе?
Фото ашық дереккөзден алынды.