Әкеңнің ағасын «ата» деу дұрыс па?
Әкенің әкесі – ата. Әкенің ағасы ше? Кейінгі кездері жасына қарамай бәрін бірдей «ата» дегізу трендке айналғандай. Мұндай тренд кемі оңтүстікте бар.
Баланың әкесі қанша жаста болса да, әкесінің ағасын «ата» деуі керек. Жиырма жастағы жігіттің баласына 21 жастағы ағасы расымен «ата» бола ма?
Мұхтар Әуезов «Абай жолында» Абайдың інісі Ысқақтың баласына «Абай аға» дегізеді. Өмірде солай болған да шығар.
Ал біз туыстық атауларды шатастырып алған жоқпыз ба? «Ата» деген атау белгілі бір жастан кейін келмеуші ме еді. Жастарға «аға», «көке», «тәте» дегендер жетпей ме?
Екінші жағынан, «ата» үлкен жастағы кісіге айтылады десек, ол қанша жас болуы керек?
Асылхан ағам: «40 жасыңда немерелі болсаң, сол немереге «атасың», бірақ негізі алпыстан асқан адамды айтады» дейді.
Әлеуметтік дамуы тұрғысынан адамдар жасарып жатыр емес пе? Бұрын жастардың анықтамасы 14-29 жас аралығындағылар болса, қазір жоғары меже 35-ке дейін жетті. Отыз беске дейін жас болсаң, қай уақытта «аға, көке», қай уақытта «ата» боласың?
Не дейсіздер?
Дархан ӨМІРБЕК, қоғам белсендісі.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.