Әкімдік қыркүйектен жаңа жылдық шырша сатып алуды бастапты

0
132

Қазан айындағы Республика күні мен желтоқсандағы Тәуелсіздік күніне қарамастан, Шахан кентінің әкімшілігі Жаңа жылға дайындықты қыркүйектен бастаған. Кенттің әкімі – Ғалым Өмірбеков, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кент әкімінің аппараты қыркүйектің 16-сы күні мемлекеттік сатып алу сайтына тендер жариялап, Жаңа жылға дайындала бастаған.

Тендердің техникалық құжаттамасына сүйенсек, әкімдік өзі ұсынған 4,4 млн теңгеге шырша, «2025 жыл» деген жазу, биіктігі 8 метр шырша орнатып, мұздан биіктігі кемі 3 метр болатын Аяз Ата мен Ақшақардың мүсінін жасатқысы келген. Сондай-ақ, жалт-жұлт еткен шамдар мен гирляндалар сатып алу көзделген.

Конкурсқа бас-аяғы 11 компания қатысып, ең аз баға ұсынған «QazStroy 2024» ЖШС жеңімпаз атанған.  Лот 2024 жылдың 23 қыркүйегінде жабылды.

Айта кетейік, Шахан кенті Қарағанды облысындағы ең ескі елді мекендердің бірі. Қарағанды қаласынан 35 шақырым жерде, Шахтинскіден 12 шақырым жерде орналасқан. Соңғы статистика бойынша бұл кентте 9 мыңға жуық халық тұрады.

2017 жылы, яғни, осыдан жеті жылға жуық уақыт бұрын дәл осы Жаңа жыл түнінде Шахан кентіндегі тұрғын үйлердің біріндегі қазандық жарылып, 9 адам опат болған еді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.