АҚШ-қа қауіп төніп тұр

0
283

АҚШ конгресінің өкілдер палатасындағы барлау істері бойынша комитет жетекшісі Майк Тернер президент Джо Байден әкімшілігін елдің қауіпсіздігіне қатер бар екені жөніндегі мәліметті ашық талқылауға шақырды, деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Осының алдында Тернер конгрестің барлық мүшелеріне хат жолдап, барлау істері бойынша комитетте аты аталмаған елдің «әскери мүмкіндіктерді тұрақсыздандыру ықтималдығы» туралы жасырын мәлімет бар екенін білдірген.

CNN телеарнасы өз дереккөзіне сүйеніп, бұл мәлімет Ресейге байланысты болуы мүмкін деп топшылады. Дереккөздің бірі бұл «өте сезімтал мәлімет» екенін айтып, ол жөнінде жақында ғана белгілі болғанын және алаңдаушылық білдіріп жатқанын жеткізген.

Екі дереккөзге сүйенген ABC News телеарнасы мәселе ғарышқа ядролық қару орнату қатері жөнінде болып отырғанын жазды. Телеарнаның мәліметінше, нақты жағдайда әңгіме ғарыштан ядролық қарумен бомбалау емес – аталған қару түрін спутниктерге қарсы қолдану қатері жөнінде болып отыр. Пентагондағы дереккөзге сүйенген Fox News тілшісі Джеки Хайнрих те қатер ғарыш саласына қатысы барын жазды.

Politico басылымының журналисі Алекс Уорд өкілдер палатасындағы барлау комитетінің үш мүшесіне сілтеме жасап, конгрессмендер бұл ақпаратқа расында алаңдаушылық білдіріп жатқанын, бірақ мәселе шұғыл дағдарыс емес, ұзақ мерзімді қауіп жөнінде болып отырғанын білдірген.

Тернердің мәлімдемесінде президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі Джейк Салливан 15 ақпанда комитет басшыларымен кездеседі деп жазылған.

Ресей жағы әзірге түсініктеме берген жоқ.

Фото ашық дереккөзден алынды.