Алагөзовтан кейін Динара Сәтжанның күйеуі мәрттік жасауы мүмкін бе?

0
1072

Кім не десін, бірақ Турсен Алагөзов мырза тарихта өшпес із қалдырып кетті. Болашақта қалталы азаматтар осындай қадам жасаса: “Алагөзовтан кем бермеді”, “Алагөзовтай бола алмады”, “Алагөзовтан асып түсті” деген эпитеттер мен салыстырулар болады.

100 пәтердің атағы Турсен мырзада қалса да, авторы мен рухани “кардиналы” Баян ханым екені бесенеден белгілі. Баян ханым осы 100 пәтермен бірнеше “қоянның жаназасын” шығарып салды:

– енді ешкім “Турсен неге қазақша сөйлемейді!” дей алмайды.

– енді ешкім “Баян сәлем салуға қарсы екен” деп ауыз аша алмайды.

– енді ешкім “Біреудің отбасын құртып кетті” деп айта алмайды.

Себебі 100 пәтердің зілдей салмағы Баян мен Турсен жұбының азды-кем кемшілігін жауып кетті.

Пәтердің кілтін алған 100 адамның 100 000 туысқаны Турсеннің жолында өледі. Демек “Өмірдің мәні не?” деген менің ежелгі сұрағым, әлі де актуалды.

Сонымен қатар, бұл 100 пәтер, автоматты түрде Турсен-Баян отбасын, ежелгі классикалық қазақтың “бір ауылды өзі асыраған текті байлар” категориясына енгізіп жіберді.

Болат Назарбаев, Тимур Кулибаев, Александр Машкевич сияқты байлардан армандап күткен мәрттікті қоғам Турсеннен көрді. Демек, қоғам мәрт байларға зәру, демек қоғам: “Құнанбайдай” бір қауым жұртты асырайтын “дұрыс олигарх” керек екенін байқатты. Баян ханым оны сезді – Турсен мырза оны орындады.

Болашақта Баян ханымның жан құрбысы Динара Сатжан ханымның жолдасы Жұмабек ағамыз да, мәрттік танытса – еш таң қалмаймын.

Баянның креативтігі біреуге жұқса, Динараға жұғатыны белгілі. Ал өз есесін жібермейтін Динара ханым, кешкі қоңыр шәйді құйып отырып Жұмабек жездеміздің тілін сыбырлап табарына еш күмәнім жоқ.

Сол арқылы Жұмабек-Динара жұбы да, қоғам арасындағы азды-көпті өсек-аяңның шоғын сөндірер еді.

Байлар мәрттікпен жарысса – халық жеңетіні сөзсіз. Қоғам ақшасын Дубайға емес, Ұлы Далаға салған жанға иланады. Турсен-Баян жұбы өте жақсы кейс көрсетті. 100 пәтер Қазақстан қоғамында кез келген кемшілікті жуып-шая алатынын көрсетті. Өз ойым.

Самат НҰРТАЗА, депутат.

Фото интернеттен.