Әлеуметтік желі талай былықты әшкерелеуде

0
278

Басқа елдер секілді Қазақстанда да ауық-ауық “ТикТокты жабу керек” деген бастамалар көтеріліп қояды. Алайда әзірге нақты қабылданған бір шешім жоқ.

Осы елдің азаматы ретінде айтарым, ешбір әлеуметтік желі жабылмасын! Бүгінге дейін бүркеліп, жасырылып келген мыңдаған дүниелердің шынайы көрінісін ашуда әлеуметтік желінің қосқан үлесі өлшеусіз дер едім.

Бұрын пәлен деген мектептің басшысы пара алып ұсталыпты десе, оқиғаның немен аяқталғанын біле бермейтінбіз. Ал қазір ше? Қазір ұсталған парақордың кім екенін, ұсталған соң жағдайы қалай болғанын, тіпті қамауда қалай жатқанына дейін біліп отырамыз. Қалай? Әлеуметтік желі арқылы біліп отырмыз.

Шенеуніктердің оспадар әрекеті мен ұрлық-қарлығы да жұрттан жасырын қалмай отыр. Әлеуметтік желіге видеосы жүктеліп кетеді, бітті.

Той-томалақтағы ордаңдап билеген қауымның тірлігі мен бәдік тамадалардың сапырма сөздері, ене мен келіннің қырғи-қабақ соғысы, еркек пен әйелдің ырың-жырыңы… бәрі-бәрі әлеуметтік желіде әшкере болып жатыр-ақ.

Ес білгелі кіршіксіз, қасиетті деп ұйып, сеніп келген кез келген дініңіздің әлеуметтік желі арқылы беті шиедей етіп тілінуде. Дін атаулыдан адамзатты басқа емес, діндарлар мен имам-қожа-сарттар бездіруде. Қалай? Кәдімгідей. Бұрын тек мешітте, шіркеуде жамағаттың “миын жуып” алаңсыз жүре беретін.

Өзін тыңдайтындар санын түрлі қиссаларымен алдап көбейтуші еді. Ал қазір діндарлардың әрбір сөзі мен әрекеті таспаға басылып, әлеуметтік желіге салынады. Әлгілердің айтқандарын тыңдасаңыз, дін былай тұрсын, өмірден безіп кетесіз! О дүниедегі кереметтерді суреттегенде, мына жарық дүниені тәрк еткің келеді.

Жалған дүниенің жылтыр әлемінде шалқып жүргендер сіз бен бізге тозақтың отын айтып, дүниеге қызықпа, ештеңе ойлама деп уағыз айтады.

Әлеуметтік желі олардың да масқарасын шығарып жатыр. Өзі айтқан сөзін “бұрмалады”, “кесіп алып таратты” деп бажылдайтын арсыздары да судың бетіне қалқып шығуда.

Аз уақытта көресіз, кімнің кім екені анықталып, крест құшақтаған христиан да, мешіт жағалаған мұсылман да, парақор оңбаған да, халықты теспей сорған шенді-шекпенді де тізе бүгеді. Әшкере болады.

Қанат ДАСТАН,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.