“Әлия Назарбаеваның ұрлығы мен былығын президентке айттыс” дейді “Байтақ жасылдар” партиясының төрағасы

0
91

«Байтақ жасылдар» партиясының төрағасы, саясаткер Азаматхан Әміртаев Ashyq Podcast YouTube жобасында елдің ақшасына ауыз салғандар оңбайтынын айтты, — деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы  Dalanews.kz. сайтына сілтеме жасап.

Оның сөзінше, билікте әлі де қалталылардың дәурені жүріп тұр.

«Республика» деген партия олигархтардың құрған партиясы ғой. Аттарына дейін айтып бере аламын. Лаврентьев, Дінмұхамед Ыдырысов, Қайрат — ақшасы көп байлар бірігіп, осы партияны құрып алды. Олар тіпті саясаттың не екенін түсінбейді. Біз 2015-тен бастап партия құрумен келе жатырмыз. Бірақ бізде ондай қаражат жоқ. Ондай қаражаты барларға партия құрудың қажеті не? Кәсіпкердің бірінші мақсаты — пайда табу, партияның жұмысы — халыққа қызмет ету.

…Бай адам халықты ойлайды дейсіз бе? Ойласа, мемлекеттен ұрлаған ақшаларын қайтарып берсін. Біз олар қалай байығанын, кімнен ұрлағанын білеміз.

Халыққы қызмет еткісі келсе, қайтарып берсін. Жоқ, олар партия ашып, Парламентке баруы керек, билікті ұстауы керек, мемлекеттегі қазынаға қолдарын салып, баюы керек.

Мемлекеттің байлығын ұрлаған, ақпаратын сыртқа таратқан, шпиондық жұмыспен айналысқан, халықтың жағдайын аяқ асты қылған адамдардың ешқайсы оңбайды», — дейді ол.

Сонымен қатар, саясаткер РОП-тың былығын ашық айыптады.

«РОП мекемесі утильалымды дұрыс жинамағаны жайында ең бірінші болып қарсы шыққан — біз. 2019 жылы Тоқаев Президент болған кезде қабылдауында болып, РОП туралы барлық ақпаратты бердім. Президент сол кезде қатты ашуланды, бірден тапсырмалар берді. Толық ақпарат бердім. Қанша ақшаны өздеріне қалдырады, қалай қалдырады — барлық цифрды әкелдім.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның басқарып отырған мекемесінің жағдайын, ұрлығының бәрін көріп, Президентке ашық түрде жеткіздім.

Президент 2022 жылы РОП-ты жапты ғой, жоқ қылды. Утильалымның бағасын төмендетті, әлі де төмендетеді», —  дейді ол.

Фото ашық дереккөзден алынды.