«…Алла өзі шақырғандай…» деген әнші Қарақат жан сырымен бөлісті

0
1162

Танымал әнші Қарақат Әбілдина жаңа жылдан кейін Мекке қаласына аттанып, қажылығын өтеп келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі екінші ұлына жүкті кезінде барып, содан кейін ол жаққа ат ізін салмаған екен.

“2007 жылы қасиетті жерге алғаш келген едік. Екінші ұлым, Имашыма 3 айлық аяғым ауыр болатын.

Тұңғышымыздан кейін сегіз жыл бала тұрмады. Сол жылы Бекболатымыз бір қауіптен аман қалып, әкемнен айырылып жан дүнием боп-бос, әбіржіген кезімде ұлық Алла өзі шақырғандай жолымыз түседі.

Алғаш Әл-Харамға қадам басып, қағбаны көзіммен көрген кездегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкем тіріліп келетіндей еңіреп тұрып езілгенім әлі есімде.

Бұл қасиетті жерде көзіңе жас алмау тіпті де мүмкін емес сияқты. Жүрек көзің ашылатыны сондай, өзіңнің шынайы табиғатыңды, қайдан келіп, қайда баратыныңды терең сезінесің.

Күнделікті тірлікте тағып жүрген түрлі маскаларың шешіледі. Қысқасы, өз пенделік ақиқатыңды білесің”, – деп жазды әнші.