Алматы облысында республикалық күйшілер байқауы өтеді

0
96

Айтулы шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізілмек.
Алғашқы рет ұйымдастырылған байқау 16 тамыз күні Қонаев қаласында өтеді.

Аталмыш байқауға еліміздің Алматы,Астана қалаларынан,Батыс Қазақстан, Абай, Қызылорда, Жетісу,Қарағанды,Алматы облысынан келген 17 дарынды күйші бақ сынайды. Екі кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар билет таңдау арқылы шығарма орындаса,ақтық кезеңде жеке дайындап келген туындыларын көрермен назарына ұсынады.

“Күй өнеріне жеңіл-желпі адамдар бара алмайды, жүрегінің түгі бар, рухани қазынасы мол адам ғана күй саласына қадам басады. Ол үлкен құрылымнан тұратын екі шекті домбыра арқылы халықтың мұңын,зарын, қуанышын, жеткізетін ұлы дүние. Бабалар мұрасын дәріптеп, дәуірдің үнін домбырамен жеткізіп жүрген жас өнерпаздарға сәттілік тілеймін”-дейді Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Тулеужан Ғұмаров.

Домбыраның құлағында ойнаған күйшілерге Қазақстанға еңбегі сіңген танымал күйші, композиторлары қазылық етеді. Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде төрешілер орындаушылық шеберлігіне, шығарманың күрделілігіне, сахна мәдениеті мен ұлттық киіміне баса назар аударды.

Айта кетейік, 17 тамыз Райымбек ауданында Әйгілі күйші-композитор Қожеке Назарұлының туғанына 200 жыл толуына арналған халық өнерін зерттеуші ғалым Сағатбек Медеубекұлының «Қожекенің күй мектебі» атты дәріс-концерті өтеді.