Алматыда апатқа дайындық басталған ба?

0
277

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері пәтер иелерімен сақтық шаралары туралы әңгіме жүргізуді жалғастырып жатыр. Алматыда құтқарушылар үйлерді аралайды, — деп хабарлайды Democrat.kz  ақпараттық порталы  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Жер сілкінгенде халық үрейге бой алдырып, көпқабатты үй тұрғындары қалай әрекет ету керек екенін білмейтінін тәжірибе көрсетті.

Таңғы жиыннан кейін құтқарушылар Алматының сегіз ауданындағы көпқабатты үйлерді қамту үшін үгіт-насихат топтарына бөлінетіні айтылды.

Алматылықтарға ауызша нұсқаулардан бөлек, жер сілкінісі болған жағдайда не істеу керек екені туралы ақпараттық қазғаздар беріледі.

Сонымен қатар бұған дейін болмаған әр үйдің кіреберісіндегі зілзалада қайда бас сауғалау туралы ақпараттық парақшалардың жапсырылғаны белгілі. Мұнан бөлек, қала әкімдігінің апатты жағдайда үйінді астында қалғандарды іздеу құрылғысын сатып алуға тапсырыс бергені туралы ақпараты шыққанын білесіздер.

Бұл әрекеттердің астарында не бар деседі жұрт. “Бұған дейін де Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқаны белгілі еді ғой, дәл қазір неге мұнша дайындықтар жүргізілуде?”, “Әлде жоғары жақтағылар бір қауіптің келе жатқанынан хабардар ма?” деген сарындағы сауалдар әлеуметтік желілерде шарлап жүр. Өкінішке қарай, жер сілкінісінің қашан, қандай балда болатынын ешкім дөп басып айта алмайтынын ескерсек, апатқа алдын-ала дайындық шаралары сақтық үшін жасалып жатыр деп қысқа кесуге тура келеді.

Десек те, Қазнетте бүгінге дейін алматылықтардың үрей құшағында күнін өткізіп жатқаны мен әр дыбысқа селт етіп, елеңдейтін халге жеткені туралы хабарлар толастар емес. Онсыз да қорқыныштан мазасы кетіп отырған халықтың “қолдан жер сілкінісін жасап жатыр”, “таяуда 10 балдық сілкініс болады” деген сыңайдағы қауесеттер де ұйқысын қашыруда. Қалай болғанда да, еліміз аман жеріміз тыныш болсын деп тілейік.

Фото ашық дереккөзден алынды.