Алматыдағы жер сілкінісінің зардаптары

0
35

Алматыдағы жер сілкінісінен зақымданған көпқабатты тұрғын үйлерге бюджеттен қаражат бөлінбейді. Пайда болған жарықшақ, сызаттарды жөндеу үйді күтіп ұстайтын компания арқылы жүзеге асады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Алматыда екі жүзге жуық түрлі ғимараттарға зақым келгені белгілі болды. Қала әкімінің орынбасары Асқар Әміриннің сөзінше, мемлекеттік мекемелерді жөндеуге әкімдіктен қаражат қарастырылады. Бүгінгі күнге дейін қаладағы 188 ғимаратқа зақым келгені анықталған. Оның ішінде 70 нысан — көппәтерлі үйлер.

«23 қаңтардан бастап тұрғындардан жарықтар бойынша өтініштер түсті. Аудан әкімдерінің жанынан жұмыс топтары құрылды. Жоспарлау және урбанистика басқармасы, сарапшылар, барлығы 8 мекеменің өкілдерінен бірлесіп тексеріп шықты. Тұрғындардың өміріне бұл жарықтар қауіп төндірмейді. Өткен жылдан бастап бізде қалған 16 мың нысанға сейсмоаудит басталды. Оны ҚазҚСҒЗИ жүргізеді.

Алдағы айда ҚазҚСҒЗИ мамандары 188 нысан бойынша сараптама жүргізеді және бұл үйлерде тұру қауіпті емес деген ресми қорытынды береді. Жарық, сызаттар ағымдағы жөндеумен жабылуы мүмкін. Кондоминиум объектілері саналатын үйлер өз есебінен жүргізілетініне назар аударғым келеді. Әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеу аясында жүргіземіз», — деді әкімнің орынбасары.

Алматының бас сәулетшісі Нұрлан Боранбаевтың сөзінше, бүлінген ғимараттарды қайтадан беріктеп, бүтіндеуге болады және ондай технология бар. Қалада іргетасы, қабырғасы қайтадан жөнделген ғимараттар аз емес.

«Көпқабатты үйлер жекеменшік саналғандықтан, оған бюджеттен ақша бөлінбейді. 1970-ші жылдардан бергі үйлердің сейсмологиялық шыдамдылығы жоғары. Әрине құрылыс саласында жетіспейтін кемшіліктер бар, бірақ соншалықтық «бардак» емес.

Қаладағы құрылыстар 9 балдық жер сілікінсе шыдайды, олай болмағанда, сараптамадан өте алмайды. ҚазҚСҒЗИ өкілдері бір ай бойы зақымданған нысандарды зерттеп шығады», — деді Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.

Фото ашық дереккөзден алынды.