Алматының әкімі өз арманы туралы айтты

0
23

2027 жылға дейін 95 мектеп бір ауысымды оқытуға көшіріледі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты деп хабарлайды Democrat.kz. тілшісі Todayınfo.kz.— ке сілтеме жасап.

Әкім мектептерді бір ауысымды оқытуға көшіру мерзімі мен оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы журналистердің сұрағына жауап берді.

«Биыл біз 43 мектепті бір ауысымды оқытуға көшіру үдерісін бастадық – бұл менің арманым еді, балалар бір ауысымда оқыса деген. Біз бұл бастаманың оң әсерін көріп отырмыз. Ұзақ мерзімді перспективада 2027 жылдың соңына дейін мектептердің кем дегенде 40%-ын, шамамен 95 мектепті бір ауысымда оқытуға көшіру жоспарланып отыр. Бұл оқушылардың жүктемесін азайтып, қосымша сабақтарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, себебі бір ауысымға көшу екі ауысымды режимнен туындайтын жүктемені жеңілдетеді», – деді Ерболат Досаев.

Әкімнің айтуынша, оқу жылының басында қала мектептерінде оқушы орындарының тапшылығы шамамен 30 мың болған. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында біз 22 мың оқушы орнын ашамыз. Осы шаралардың арқасында келесі оқу жылына қарай орын тапшылығы «басқарылатын» деңгейге – 3-4 мың орынға дейін төмендейді. Одан әрі әкімдік білім беру нысандарын өз қаражаты есебінен салу және жаңғырту жұмыстарын жалғастырады. Бұл алдағы уақытта орын тапшылығының көбейіп кетуіне жол бермейді», – деді қала әкімі.