Аман оралған ағайындылар

0
37

Біз соғысты білмей өскен ұрпақпыз. Алайда қанқұйлы жылдар туралы өлеңдер, жүздеген романдар, мыңдаған мақалалар оқып, қаншама деректі фильмдерді көріп өстік.

Тарихи деректерге жүгінсек, миллиондардың өмірін құрбан еткен екінші дүниежүзілік соғыс  жылдары  Жеңіске жетуге Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз.

Әскер қатарына алынған 2 миллионға жуық қазақстандық боздақтың 400 мыңға жуығы майданнан оралмаған. Олардың ішінде талай ғалым, ақын, данышпан, өнерпаздар  болған. Солардың бірі – Қара Омаров.

Ол бір мың тоғыз жүз он сегізінші жылы Айыртау ауданы Қаратау ауылында дүниеге келген.  Соғыс басталғанда небәрі 23 жаста болған жас жігіт майданға ағасымен бірге аттанған.

Мың тоғыз жүз қырық бірінші жылдың шілдесінен келер жылдың қаңтарына дейін Амур артиллериялық полкінде,   соғыстың негізгі күші болып саналған атты әскер құрамында қызмет етіп, Волоколамск тас жолында Мәскеуді асқан ерлікпен қорғайды.

Мың тоғыз жүз қырық екінші жылдың қаңтарынан мың тоғыз жүз қырық алтыншы жылдың мамырына дейін елу тоғызыншы атты әскер құрамында, кейінен тоқсаныншы гвардиялық механикалық полкте атқыш болады.

Қанды майданның ортасында жүрсе де өмірге деген ынтасы ерекше болған деседі, үлкендер жағы. Сұрапыл соғысқа аттанарда отбасы құрып үлгермеген ол, майданда жүріп, ағасын аман алып қалудың қамына кіріседі.

Ағасы алғы шепке бару керек болса,  оны кейінгі қалдырып, өзі орнына аттанады екен.  Себебі ағасының өз отбасына аман-есен оралуын қалаған. Кіршіксіз таза ниетіне орай ағайынды Омаровтар соғыстан аман оралады.

Олар  «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Қара атамыз 1946 жылдың 25 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 20 наурыздағы Жарлығымен запасқа шығарылды.

Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл  аудандық әскери комиссариатында 1969 жылғы 31 Қаңтарда запастағы жағдайдың шекті жасына жетуімен әскери есептен шығарылды.

Зейнеткерлікке шыққанға дейін зауытта жұмыс істеді, Қарулы күзетте бақылаушы болып қызмет атқарады.

Қан майданда от пен оқтың ортасында жүрсе де, соғыстың және одан кейінгі жылдары тіршіліктің барлық тауқымен тартқанына қарамастан, әрбір күніне шүкір айтудан шаршамаған Қара Омаров, 1992 жылы 2 ақпанда дүниеден озады.

Жылдар жылжыған сайын оққа кеудесін тосып, Отан қорғаған ардагерлер де қалмай барады. Бүгінде өңірімізде бар-жоғы  төрт  соғыс ардагері қалған, ал өмірден өткендерінің есімі  жадымызда жаңғырып тұр.

Сондықтан да біздің міндетіміз – көзі тірі адрагерлерімізді ардақтап, құрбан болған батырларды еске алып, жеңістің қандай жолмен келгенін ешқашан ұмытпау.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

Қызылжар қаласы.

Фото жеке мұрағаттан алынды.