Әнші Ақбота қонақ үйден орын болмағаны үшін жобадан кеткен бе?

0
287

Кеше танымал қазақстандық әнші Ақбота Керімбекова Qazaqstan телерадио кешенінің басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға үндеу жасаған болатын. Бұған «Қазақстан» РТРК ресми мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Телеарна мәліметінше, өнер иесі мәселені шешуге бағытталған ұсыныстан өзі бас тартқан.

«Qazaqstan телеарнасының жаңа маусымдағы жобаларының бірі – «Жұлдызды жұп» бағдарламасының түсірілімі қарсаңында қатысушылар орналасатын қонақ үй нөмірін алдын ала рәсімдеуде қателік кеткен. Нақтырақ айтқанда, әнші Ақбота Керімбекова келіп түскен қонақ үйде оған арналған нөмір бос болмай шыққан. Ұйымдастырушылар тарапынан мәселе шешімі ретінде бірден өзге бірнеше қонақ үйден нөмір таңдау ұсынылды, бірақ әнші одан бас тартты.

Ақбота Керімбекова мен ұлы Біржан Шалқар – бағдарламаның таңдаулы жұптарының бірі. «Жұлдызды жұп»– тек музыкалық шоу емес, отбасылық құндылық, ән өнеріндегі дәстүр жалғастығы мен сабақтастығын көрсетуге бағытталған жоба. Жобада дәстүрлі әндер де, танымал композиторлардың халық арасында кең танылған шығармалары да, заманауи эстрада әндері де орындалады. Бағдарламаның қатысушылары мен олардың репертуарын Корпорацияның Көркемдік кеңесі іріктеп, бекітеді. Динара Адам продакшн компанияда жоба кеңесшісі міндетін атқарады. Одан бөлек, бұл жобада 195 маман қызмет етеді. Бағдарлама продюсері арнаның бұған дейінгі «Егіз лебіз», «Дара бала» сияқты жобаларына жетекшілік еткен тәжірибелі маман Сандуғаш Рахымжанова.

Qazaqstan телеарнасының музыкалық бағыттағы жобаларын өндіруші компаниялар арасындағы байқау ірі продакшндар арасында әр маусым сайын жарияланады. Отандық нарықта мұндай жобаларға маманданған шығармашылық ұжымдар көп емес. Qazaqstan телеарнасы мен арна көрермендері А.Керімбекова мен әншінің ұлы Біржан Шалқарды жобадан әрі қарай да көргісі келеді. «Жұлдызды жұп» жобасы әр сенбі 20:00-де тікелей эфирде шығады», – делінген Massaget.kz тілшісіне жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Ақбота Керімбекова Ұлттық арнаның басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға үндеу жариялаған болатын. Әншінің үндеу жасауына «Жұлдызды жұп» атты жаңа жобаның дұрыс ұйымдастырылмауы және отандық телеарналардағы жобаны, тендерді жеңіп алудың түрлі жолдары мен мәселесі себеп болған.

Әнші Ақорданы, тіпті Тоқаевты белгілеген.