“Әр мұғалімнің көз жасы сендердің мойындарыңа”

0
1895

Facebook әлеуметтік желісінде қазақстандық ұстаз Айнұр Сабыр ұстаздарды аттестациядан өткізуге байланысты маңызды ойымен бөлісті деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.

Еске салайық, еліміздің Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді жаппай аттестациядан өткізу туралы бұйрық шығарған болатын. Осыған орай ұстаздарымыз өзінің пікірін ортаға салып, бұл аттестацияның пайдасы мен зияны туралы жеткілікті дәрежеде айтып-ақ жатыр.

Алайда әзірге мұғалімдердің пікірін назарға алып, кем-кетікті түзелтейік деген тиісті мекемені көзіміз шала қоймады. Осы мәселеге байланысты үн қосқан білім саласының маманы Айнұр Сабырдың төмендегі жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз. Ой қосып, пікір білдіріңіз.

“Жақында мына тестінің кесірінен көптеген мұғалім санатын көтермей, сол барын растайын деп отырғанына көз жеткіздім.

Неге? Өйткені жігері басылып қалған. Ол білімсіздігінен көтермейін деп отырған жоқ, дүниенің бәрін қиындатқан соң, тағы қиналғысы келмейді. Мұғалімнің күнделікті жұмысы онсыз да оңай емес. Күнде жүйкесін жұқартып жүрген адам тағы да «нербісін» құртқысы келмейді.

Ол мұғалім тестіден өте алмаса, оны өзі емес, өзге, мақтап жүргендер жан-жағынан «білімсіз» деп жұлмалайды. Мұғалім өзгенің сөзінен қатты қорқады. Біздің қоғамда мұғалімге жігер беретін, мұғалімді қорғайтын ешкім жоқ. Бәрі мұғалімнен идеал жасап алған. «Ол да адам баласы, ол да қателеседі» деген ой қаперлеріне кірмейді.

Мұғалім тестіге сондай қорқынышпен барып, бар білгенін көрсете алмай, сондықтан өте алмайды. Мұғалім тестіні жаттаумен емес, психикасымен жұмыс істеу керек. Ал оған ешбір мектебі, отбасы, ата-анасы «Біздің апай сынақтан өтеді. Оны орынсыз мазаламайық. Ол кісіге сәттілік тілейік» деп жағдай жасамайды.

Мұғалімді сынақтан кейін екі-ақ нәрсе күтіп тұр. Өттің -мықтысың, өтпедің- сұмырайсың. Соның екіншісін қатты уайымдаған мұғалім, біріншісіне жете алмай қалады.

Зейнет жасына аз-маз қалғанда, тестіден өте алмай, қырық жыл еңбегі бар талай мұғалім санатсыз қалды. Ол білімсіздігінен емес, ол жүйкесінің тозғанынан өте алмады.

Мен зерттеушіні растау мен шеберге өтуге тесті тапсырады дегенін түсінбеймін. Кез-келген адам зерттеуші мен шеберге бармайды. Мықтылар ғана, еңбек жолында біраз нәрсе көрген, біраз нәрсе дәлелдегендер ғана осы санатқа ұмтылады. Олар тестімен кімге нені дәлелдейді? Олардың «кітап жазу» деген бөлімінің өзі қырық тесті тапсырғанымен бірдей.

Кейбіреулер отырып алып, өзінің өткенін мақтаныш қылып, өте алмаған жұртты ғайбаттайды келіп…

Модератор мен сарапшы болу және зерттеушіге өту үшін тесті тапсыру дегенге түсіністікпен қарап отырмын. Жарайды, оларды сынасын. Ал осы жерде тағы бір нәрсе бар. Сарапшы мен зерттеушіге төленетін ақының арасы 5%.

Бұл бес пайызға бола сарапшылар зерттеушіге көтерілу үшін тесті тапсырғысы келмейді. Ал осы екі орта 20%-дай алшақ болса, зерттеушіге көтерілуге талпынар еді. Мен көптеген сарапшыдан » сол бес пайызға бола «өлетін» жайым жоқ» дегенді естимін…

Сондықтан бет алды құла мақтай бермей, ішіне үңіліп барып, «әу» деу керек. Әйтпесе тестінің жолында нербісі мен денсаулығы «шахид» боп кететін әр мұғалімнің көз жасы сендердің мойындарыңа…”

Фото ашық дереккөзден алынды.