Араб ханшайымы феминистік бағытта сурет салған

0
257

Сауд Арабиясының ханшайымы Фахда бинт Сауд Әл Сауд қоғамда өз орны бар әйел. Сурет өнерін серік еткен ханшайым қолөнер мен сән әлемін дамытуға үлес қосты. Ол тіпті феминистік бағыттағы сурет көрмелеріне де қатысқан деп жазады Nur.kz. ақпараттық сайты.  

Алайда рухани құндылықтар мен діни тұрғыда қарама-қайшы келмейтін пікірді ұстанады. Бұл мақаламызда араб әлемінің танымал тұлғасы Фахда ханшайым жайлы қызықты деректер ұсынамыз.

Фахда ханшайым деген кім? Фахда бинт Сауд Әл Сауд 1953 жылы дүниеге келген. Ол — Сауд Арабиясы патшасының қызы. Фахданың анасы Жамила бинт Асад бин Ибрахим Әл Мирхи Сирияның Латакия қаласынан келген. Фахда ханшайым 1964 жылға дейін Эр-Риядтағы Каримат орта мектебінде бастауыш сыныптарын оқыған.

1969 жылы Бейруттағы қыздарға арналған Бейрут Евангелиялық мектебін (BESG) бітіреді. Ал 1974 жылы Бейрут әйелдер колледжінде (қазіргі Ливан-Америка университеті) саясаттану бакалавры атанды. 1976 жылы Бейруттағы Америка университетінде оқып, саясаттану магистрі дәрежесін алады. Содан кейін ол шығыстану және Африкатану мектебінде бір жыл оқыды.

Ондағы саясаттану кафедрасында дипломнан тыс курстарға қатысты. Кейінірек ол өнерді үйрену үшін Парижге көшіп, Ирак суретшісі Иссам Әл Саидтан исламдық геометриялық өрнектерді зерттейді. Себебі Фахданың мамандығы — суретші. Фахда ханшайымның қоғамдағы қызметі қандай?

Фахда ханшайым Сауд Арабиясының тарихы мен мұраларын жинақтайтын, мұрағатқа сақтап, жариялайтын Сауд Арабиясының билеуші кітапханасының негізін қалаушысы әрі баспа және мұрағат ісінің меңгерушісі. Бұған қоса Фахда ханшайым Жиддадағы Әл-Файсалия әйелдер әл-ауқат қоғамының президенті, ол жиырма жылдан астам уақыт бойы жетекшілік еткен.

Сонымен қатар жергілікті шикізатты пайдалана отырып, Жиддадағы саудиялық қолөнер мен сән әлемін жаңғыртуға арналған Sleysla қоғамының басшысы.

prabook.com ұсынған мәліметке сүйенсек, Фахда ханшайым феминистік бағыттағы бірнеше сурет көрмесіне қатысқан. Осындай көрмелердің бірін Иорданияның Корольдік бейнелеу өнері қоғамы мен Грекия әйелдер суретшілерінің жалпы Жерорта теңізі желісі арқылы бүкіл ислам әлеміндегі әйелдерге қатысты теріс стереотиптерді жою мақсатында ұйымдастырды.

Бірінші көрме 2008 жылдың 25 қаңтарынан 23 наурызына дейін Австралияда Мельбурн конфессияаралық орталығының қолдауымен өтті. Фахда ханшайымының осы көрмедегі «Үш әйел» деп аталатын акварель жұмысы ислам әлемінде «Жамандық көрме, жамандық естіме, жаман сөз сөйлеме» деген Жапонияның алтын ережесінің көрінісі болып есептелді. Ханшайымның өзі де әкесін еске алуға арналған көрмелер ұйымдастырды. Сонымен қатар Фахда ханшайым Сауд Арабиясындағы басқа суретшілердің көрмелеріне қолдау көрсетті.

Фахда ханшайым Сауд Арабиясының әлеуметтік мәселелері мен тарихына қатысты Okaz және Arab News сияқты жетекші араб газеттерінде әр түрлі тақырыпта мақалалар жазды. 2007 жылдың ақпан айында «Әл-Хаят» басылымы Фахданың «Саудиялық әйелдердің мәселелері» атты мақаласын жариялады. Онда Фахда ханшайым араб қоғамындағы әйелдер құқығы туралы жалғасып жатқан пікірталас «ұлттың қайта тууы үшін» басты рөл атқарғанын ашып айтты.

Ол әйелдерге арналған реформаларды қолдайды, бірақ оның пікірі елдің өз құндылықтарына, соның ішінде діни құндылықтарға қарама-қайшы болмау керегін ескереді. Фахда бинт Саудтың Абдулазиз есімді бір ұлы бар.

Ол Дания азаматы Барон Абдулла Курт Бергстремге тұрмысқа шыққан болатын. Жолдасы исламды қабылдағаннан кейін есімін Абдулла деп өзгерткен болатын. Фахда мен Абдулла ажырасып кеткен. Абдулла 2000 жылы дүниеден өтті.

Фото ашық дереккөзден алынды.