Арабтың аруақтары үшін бауырыммен араздасып, алыстадық

0
1130

Таяуда көз алдымызда желкілдеп өсіп келе жатқан немеремізден айырылып, қара жамылдық. Қайғы жалғыз жүрмейді деген, қызының қазасы ауыр тиді ме, арада бір ай өтер-өтпес, келінім бақилыққа аттанды.

Көзден жас құрғамай жүрген сол ауыр күндердің бірінде ағайын-туыс, дос-жаран көңіл шайға шақырып, қайғымызға ортақтығын білдіріп жатты.

Сондай көңіл шайға барарда үнемі жаныма бауырымды алып жүрдім. Себебі намаз оқып, қажылыққа барып келген бауырым барған үйлерде аруақтарға дұға бағыштасын деген ниетім болды.

Бірінші көңіл шайға шақырған туыстың үйінде ас қайырылып, алақан жайылған тұста аса мән бермеппін. Бауырым не деп, кімге дұға бағыштағанын.

Екінші бір туыстың үйіндегі дастарқанда жанында отырып қалып, жағамды ұстадым. Әдеттегідей алақан жайылған тұста ұзын-сонар бір аят-сүрені оқып біткен соң, бауырым: “Осы оқыған құранның сауабы Адам ата, Хауа анамыздың рухына тие берсін…” деп бастаған інім түрлі пайғамбар, сахабаларды тізіп айтып, тоқтар емес. “Айша анамыз, Фатима анамыз…” деп әлі бітер емес.

Ішімнен ойлап қоямын, енді өзіміздің аруақтарға кезек келіп қалар деп, жоқ, әлі бітер емес.

Бүкіл арабтың аталары мен аналарын түгелдеп, тізіп айтып шыққан әлгі інім дұғасының соңында “әумин” деп бет сипай салмасы бар ма?!

“Мейлі, ең бастысы, ниет қой” деп ол жолы үндемедім. Дәл осындай нәрсе келесі барған үйлерде де жалғаса берді. Ақырында шыдамай, төртінші үйден шыққан күні бауырыма дүрсе қоя бердім: “Мақсұтжан, әр дұғаңды тек арабтың аруақтарына бағыштайсың. Біздің өз ата-бабамыз, күні кеше дүниеден өткен менің келінім мен немеремнің атын атап, дұға бағыштасаң қайтеді?!” дедім.

Сөзім ұнамады. Қабағын кіржиткен бауырым: “Пайғамбар, сахабалар мен аналарымыздан келініңіз бен немереңізді жоғары қоймаңыз!” дейді.

Жеңінен ұстап, тоқтаттым да: “Әй, молдасымақ, қажысымақ, бері қара! Сенің арабтарыңның аруақтарында шаруам жоқ.

Бірақ сен тамағын ішіп, табағын босатқан әлгі дастарқан Айша анаңның рухына, не болмаса Адам атаңның құрметіне жайылған жоқ.

Менің ата-бабам мен о дүниелік бүкіл жақындарым үшін жайылды ол дастарқан. Өз аруақтарымыз дәметіп келген дастарқанды айдаладағы біреулердің аруақтарына арнауға қақың жоқ!” деп едім, інімнің көзі шатынап кетті.

Қысқасы, “Айша анамызға, Адам атамызға тіл тигіздің!” деп ренжіген әлгі бауырым “Аллаһ саған хидаят берсін” деп менімен арасын үзді.

Сонда қалай? Айдаладағы көзіміз көрмеген, танымайтын арабтың аруақтары біздің ата-бабамыздың аруағынан артық па? Сол мұсылман арабтардың ең болмаса, біреуі “қазақтан шыққан Қарасай батырдың, Райымбек батырдың рухтарына” деп дұға оқи ма? Әрине оқымайды.

Ал біздің жәдігөйлер өз туғандарының, өз қазағының аруақтарына дұға етпей, әлдебіреулердің ата-апаларын дәріптеп, дұғасына қосатынын қалай түсінбек керек?

Бұған діни білімі бар кісілер мен қаны бұзылмаған, тегінен ажырамаған қазақ азаматтары не дер екен?

Авторы – Самал КЕРІМБЕКҚЫЗЫ.

Редакцияның хат қоржынынан. 

Фото көрнекілік үшін.