Ардақ Назаров: Түркістанда арақ-шарап сатуға тыйым салынсын

0
24

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы аясында Түркістан қаласында арақ-шарап сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Түркістан қаласында арақ сатуға тыйым салу қажет деп есептейді.

«Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ. Өйткені Түркістан –  рухани астанамыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек, ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр-билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақтар келеді, сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп алдынан шығатын болса ұят қой. Сондықтан осы заңның аясында «арақсыз қала –  рухани қала» деп араққа тыйым салуға бола ма?», — деп сұрады Назаров.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан облысында «Ішімдіксіз ауыл» арнайы жобасы жарияланғанын, қазір бұл жобаға отыздан астам ауыл қосылғанын атап өтті.

«Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдарымен, қоғам белсенділерімен түрлі форматта арнайы талқылаулар өткізілген. Дегенмен Түркістан қаласының басым бағыттарында рухани-мәдени бағытпен қатар, туристік бағыттағы қала деп бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастық өкілдері тарапынан ол мәселеге түрлі көзқарас туындатып отыр. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін, бұл мәселені тиісті заң нормалары аясында қарастыру керек деп санаймыз», — деп жауап берді Тәжібаев.

Бүгін Мәжілісте  «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.