Аруақты қорлайтын, өсек пен жалаға құрылған кітап шығарған

0
57

2023 жылдың 29 наурызында Павлодардың «Эко» баспасынан шыққан «Таңшолпан» атты Шолпан Байғалинаның кітабын оқып шықтым. Түйгенім, бұл атына заты сай емес, өсек пен жаладан құралған кітап екен деген ойға қалдым.

Кітапта бүгінде өмірде жоқ, кезінде облысымызға, Павлодар қаласына еңбегі сіңген құрметті азаматтарымыз, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Мұсылман әйелдер лигасын басқарған Зара Қожахметова анамыз бен «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Арман Қани мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын /қазіргі университет/ ұзақ жылдар басқарған, аймақтың білім, ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан Тасболат Шаяхметов туралы ғайбат айтып, күйе жаққан.

Зара апамызды өтірікші десе, Арман Қаниды маскүнем, баласын өлтірген, ал Тасболат Шаяхметовты отбасын тастап, басқаға үйленген деп жазғырады.

Ал мен жайлы айтқаны былай: Шолпанның Бикен деген туған апайы бар еді, сол апайын Шолпанның өзі қарттар үйіне тапсырған екен.

Мен сол жылдары Мұсылман әйелдер лигасы төрайымының орынбасары болатынмын, әрі телеарнада редактор едім. Бірде лиганың тапсырмасымен жетім қарттар үйінен хабар түсіріп кетіп бара жатқанымда, Шолпанның жаңағы апайы маған артымнан: «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» сен де журналиссің, ол да журналист, мені қарттар үйіне тапсырған сіңлім Шолпан Байғалина»-деп айқай салды.

«Мені де түсіріп алыңдар, үш қызының қызығын көрмесін»- деп қарғыс сөздер айтты. Мен оған ешқандай сұрақ қойған жоқпын. Бәрін камераға өзі айтып берді.

Осы телехабарды көрсетер алдында «ол әкімшілікте істейді, қалай болар екен?»- дегенімде, бастығымыз: «Қорқып тұрсың ба, онда тағы бір түсірілім тобын, басқа журналисті жіберейін,»- деп, орыс тілінде хабар жүргізетін Асқар Шөмшековты жіберді.

Ол «Факты потвердились»- деп келді. Бұл хабарды эфирге жіберу телеарна басшылығының ұйғарымы еді. Жетім қарттар үйінен түсірілген менің де, Асқар Шөмшековтің де бейне таспалары бүгінде архивте сақталған.

Сол жылдары Павлодар облысы әкімінің аппарат жетекшісі болып қызмет атқарған Мейрам Серғазин туралы «Үміт апамды жетім қарттар үйіне тапсыруға өзі көмектескен»,- деп жазыпты Шолпан Байғалина.

Мұның ғайбат сөз екенін мен анық білемін. Ол кісі ондай қатыгез адам емес. «Мейрам Серғазиннің алдына мені жамандап Зара мен Ғалия барыпты» — деген сыңайдағы өтірігі — ол дұрыс емес..

Біз ол кісінің алдына ешқашан барған емеспіз. Бүгінде өмірде жоқ Мейрам ағамыз жайлы да өсек айтып отыр.

Кезінде Павлодар облыстық атқару комитетінде, облыстық ішкі саясатта, облыстық телеарнаны басқарған, аймағымызға белгілі Гүлбарам Наурызбаева мені қызметтен шығарды десе, газетке жұмысқа алмаған Мұхит Омаровқа да тиісіп өтеді.

Ал облыстық телеарнадан өзін бір себептермен жұмыстан кетірген Хамза Тоқпанов пен Ақмарал Шотанованы неге жазбаған екен деп қазір ойлап отырмын, «егер шындықты айтқыш болса».

Осы кітап жайлы Зара апамен қызмет атқарған аналардың атынан Жазушылар Одағының Павлодар филиалына өтініш түсіргенбіз… Бұл жалған сөзден құралған кітаптың аты неге «Таңшолпан» деп аталады?

Сондықтан бұл жағдайды көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдім.

«Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» деп тегін айтпайды, ғайбат сөйлеу харам.

Тоқ етері, Шолпан Байғалина осы «кітапта» жала жапқан марқұмдардың отбасы-туыстарынан, «жаптым жала, жақтым күйе» деп сыртымыздан өсектеген біздерден кешірім сұрауы тиіс!

Бастысы аруақтардың рухы мазаланбасын!

Ғалия БАЛТАБАЙ, «Құрмет» орденді журналист, Павлодар облысы мен Железин ауданының Құрметті азаматы.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды.